06.04.2022, 12:40

Елордада инклюзивті балабақшада тәрбиешілер ерекше балаларды ұрып-соққан (ВИДЕО)

Фото: ашық дереккөз
Құзырлы органдар бұл оқиға туралы үнсіз жатыр.

Әлеуметтік желілерде Нұр-Сұлтан қаласындағы  “Сати” инклюзивті балабақшада тәрбиешілердің ерекше балаларды ұрып-соғып жатқаны түсіп қалған видео тарады, деп хабарлайды Skisnews.kz ақпарат порталы. Алайда құзырлы органдар бұл оқиға туралы үнсіз жатыр.

Журналист Гүлбану Әният тәрбиешілердің мұндай әрекеті туралы  Facebook  әлеуметтік желісінде жазды.

"Аружан Саин, қайдасыз? Мына сұмдыққа назар аударыңыз!!! Ал, Білім министрлігі ерекше балаларға арналған жекеменшік балабақшаларды бақылауына алуы тиіс! Мынау сұмдық! Нұр-Сұлтандағы “Сати” инклюзивті балабақша тәрбиешілері ерекше балапандарға тәрбие бермек түгілі, қорлап жатыр. Дені сау баланың тілі бар, айтып келер. Мұндай балалар айта да алмайды ғой.  Онсыз да психикасында ауытқуы бар бала кері кетпей ме, мына сорақылықтан. Мұндай бақшалардың бағасы да удай. Бүкіл мамандар баламен жұмыс істейді деп жарнамалағасын, байғұс ата-аналар сенеді ғой. Ал, қадағалап жатқан ешкім жоқ. Білім басқармасы, жекеменшік болғасын тісі батпайды. Ал, бұлар ақша жасап қана отыр деп есептеймін. Мына балабақша жабылып, тәрбиешілері қатаң жазалануы керек.

Балабақша инстаграм аккаунтын өшіріп тастапты. Ал, баласы зардап шеккен ата-аналарға сабыр тілеймін. Сәбилер сауығып кетсін",- деп жазды журналист.