«Қазфосфат» ЖШС-нің ауылшаруашылық тыңайтқыштарын қымбаттатқанының пайдасын мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдары көріп отырғаны анықталды.
«Қазфосфат» ЖШС: бірінші басшысы – Нұрланов Нұрхан Нұрланұлы, құрылтайшысы – «KAZ Chemicals» ЖШС (KAZ Chemicals)» делінген Қазақстандағы компаниялардың сенімділігін тексеру қызметінің Компра сертификатында.
«KAZ Chemicals» ЖШС (KAZ Chemicals) құрылтайшылары өз кезегінде Нидерландыда тіркелген «Kazakhmys Resources B.V.» компаниясы, сондай-ақ Нығматулиннің ұлдары – үлкені Нұрхан және кішісі Нұржан Нұрлановтар.
Бұл ретте Нұржан Нұрханов «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС мен «Capital Estate Group» ЖШС, ал Нұрхан Нұрланов «Браволаб» ЖШС мен «Kazfin Group» ЖШС-нің мүшесі ретінде тіркелген.
Сонымен қатар Амстердамда тіркелген Kazakhmys Resources B.V. негізгі акционері Нұрлан Нығматулиннің досы Дінмұхамед Ыдырысов. ол «Bank RBK» АҚ-ның үлестес тұлғаларының тізімінде болған.
Мәжілістің экс-төрағасының өзі Қазақстаннан наурыздың ортасында – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалды қамауға алынғаннан кейін кеткен. Нығматулин ізін жасыруға тырысқан. Бірақ оның өзінің жеке ұшағымен Атырауға, артынша Бакуге ұшып кеткені белгілі болды.
Еске салсақ, 5 сәуірде монополияға қарсы ұйымдар «Қазфосфат» ЖШС-не қатысты сұранысқа ие ауылшаруашылық тыңайтқыштарының бірі аммофосқа айтарлықтай және негізсіз қымбаттау фактісі бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.