Жамбыл облысының мәслихат депутаттары қоғамдық кеңеске мүше таңдауда дауласып жатыр. Ерқанат Манжуов пен Ерболат Саурықов бастаған 6 депутат әріптестерінің шешіміне не үшін наразы болып, мәслихат отырысынан тұрып кетті? Осы және өзге де сұрақтарды arasha тілшісі мәслихат депутаты Ерқанат Манжуовқа қойған еді.
– Әлеуметтік желіден Қоғамдық кеңеске мүшелікке қатысты шуды оқып отырмыз. Даудың басы неден басталды?
– Өткен сессияда қоғамдық кеңеске мүше болуға тиісті азаматтардың тізімін берген. Тізімді көргенде ешкімге айтпай, бұрынғы заман бойынша керекті адамдарын өткізіп алғанын байқадым. Бұл мәселені әлеуметтік желіге жариялағаннан кейін қоғамда қызу пікір-талас болды. Әлеуметтік желі шулағаннан кейін депутаттар бір ауыздан «Біз бұл мәселені бір жақты қарамай, жаңа жұмыс тобын құрып ашық жариялайық» деп ойладық. Өйткені қоғамдық кеңеске мүшелер сайланып жатқанын көп адам білмей қалды. Бірінші шешім газет пен әлеуметтік желіге шықты. Ол жерге өзім және 14 адам үміткер ретінде қоғамдық комиссия құратынымыз жөнінде өтініш бердік. Ол жерге ешкімді кіргізбей жеке өзім кірдім. Бірінші отырыста мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков басқа адамды ұсынды. Бірақ дауысқа салғанда көпшілік дауыспен менің кандидатурам бекітілді. Екінші отырысты шақырған кезде, оған 56 адам құжаттарын дайындап, мәслихатқа өткіздік. Комиссия отырысы өткен кезде әр адаммен жеке-жеке сөйлесіп, 56 адамның ішінен қоғамдық кеңеске лайық деп 15 адамды іріктедік.
– Қоғамдық кеңеске мүше таңдауға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысы бар деп айтқан екенсіз. Бұл іске облыс әкімінің қаншалықты қатысы бар?
– Тапсырма бергеннен кейін… Депутаттардың көбісі бюджет арқылы жалақы алып, отбасын асырап отыр. Сондықтан олар бүгін заңсыз әрекетке барды. Негізі заң бойынша комиссия ұсынысын мәслихат бекітуі керек. Ал бүгін олар «Жеке-жеке дауысқа саламыз» деп көпшілікпен шешім қабылдады. Заңсыз әрекет болғаннан кейін 6 депутат сессиядан шығып кеттік. Өзім «Аманат» партиясы арқылы сайлансам, өзге депутаттар «Ауыл» мен «Ақ жол» партиясының мүшелері. Президент «Жаңа Қазақстан» құратынын айтып, «Қаңтардан кейін қоғам өзгеруі керек» деп жатыр. Бірақ біздің өңірде оң өзгеріс болатындай белгі байқамадым.
– Қоғамдық кеңестің құрамына мәслихат депутаттары да өтуге мүдделі екен. Депутаттың онсызда мәселе көтеретін мандаты бар емес пе? Қоғамдық кеңеске неге белсенді азаматтар таңдалмайды?
– Оның бәрін мен біліп тұрмын. Кейбіреулер оны түсінбейді. Негізі шын «Жұмыс істейміз» десе депутаттың да мүмкіндігі көп. Заңға сүйенсек, қоғамдық кеңеске жұмыс істейтін адамдар кірсе, онда көп нәрсе шешуге болады. Мәслихат депутаттары партиялық тізім бойынша сайланады, ал қоғамдық кеңеске белсенді азаматтар жеке-жеке таңдалады. Менің әу баста комиссияға кіргендегі мақсатым қоғамдық кеңеске халыққа жанашыр белсенді азаматтар кірсе деп ем. Тек қана «бастық айтқан» деп жүре бермейтін тәуелсіз адамдар кірсе ғана оң өзгеріс жасауға болады. Қаңтарда билікке жақын адамдардың көпшілігі қорқып, үйден шықпай қалды. Өйткені олардың айтар сөзі жоқ. Тағы да солай болмай, жалпы еліміз өзгеруі үшін қоғамдық кеңесті жаңадан жасақтағымыз келіп еді. Мәселен мен өзім бір-екі адамды өтеді деп ойлап ем. Өкінішке қарай өтпей қалды. Шыны керек өзім «Мына азамат өтсе, жұмыс істейтін еді» деген бірде-бір адамды өткізе алмадым.
– Кезінде сіз «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары болып тұрғанда Жамбыл ескерткішіне байланысты облыс әкімі Асқар Мырзахметовке қарсы шығып едіңіз. Қазір мәслихат депутаты ретінде Сапарбаевтың саясатына қарсы болып отырсыз. Қызметімнен айырылып қаламын деп қорықпайсыз ба?
– Мен бүгін баспасөз мәслихатында «Қорқатын адамым көп» деп айттым. Бірақ қорқудың да шегі бар ғой. Мен қай адам әкім болса да, өз ойымды айтып отыратын азаматпын. Ұнамаған жері болса, ұнамайды, ұнайтын жері болса, дұрыс деп айтамын. Бірақ мемлекеттік қызметте жүргенде заңмен көп шектеу болады. Бізде әкіммен келіспесең отставкаға кетуің керек те, ашық қарсылыққа шығу керек. Кезінде Сапарбаев және Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Облыс әкімінің орынбасары болып кел» деп шақырған болатын. Өйткені олар менің жұмыс істейтін қабілетімді біледі. Бірақ мен олар ұсынған қызметке бармадым. Себебі облыс әкімінің орынбасары болғаннан кейін көп шектеу бар. Одан да мен қоғамға белсенді азамат болып қызмет етейін деп шештім.
– Қоғамдық кеңеске өткір пікір айтып жүрген адам кірсе, ол Сапарбаевқа қандай зиян келтіреді?
– Бізде «Егер азаматтың жеке пікір болса, істеген ісіңді сынай салады» деген ой қалыптасқан ғой. Оны кім жақсы көреді? Сондықтан ондай азаматтарды қоғамдық кеңеске кіргізбей үшін әр түрлі сылтаулар табады. Депутаттарға «Осылай басымызды бұғып жүре берсек ешқашан дамымаймыз» деп айттым. Өкінішке қарай олар болашақтарын ойламай бір күні үшін өмір сүріп жатыр.
– Жасы 60-70-тен асқан азаматтар Қоғамдық кеңеске мүше болуға ұмтылады екен. Зейнеттегі азаматтар аталған кеңеске мүше болуға не үшін қызығады?
– Бізде үлкен адамдар әкімнің жанында отырмаса, оларды тойға шақырмайды. Ал қоғамдық кеңеске мүше болғаннан кейін тойға шақырып, бата беріп, ең бірінші болып сөйлейді. Сол үшін тырсады деп ойлаймын. Ал қоғамдық жұмыс істеп, халыққа қаншалықты пайда әкеліп жатқанын көріп жүрміз ғой.
– Әлеуметтік желіде Бердібек Сапарбаевты жиі сыналып жүр. Облыс әкімінің жұмысына қандай баға бересіз?
– Бір сөзбен баға беру қиын. Бірақ жастарға орнын беру керек. Уақытында кетпегені өзіне зиян ғой. Әлеуметтік желідегі сынды көріп-біліп отырмын. Мәслихат отырысында мен ғана өткір сұрақ қойып жүрмін. Қазір бір-екі азамат өткір мәселе көтеріп жүр. Бірақ жеке өз басым әр отырыста ойымды білдіріп жатырмын.
– Тараз қаласы әкімі Ержан Жылқыбаев пен облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Медетовтың арасындағы қақтығыс және Жылқыбаевтың Сапарбаевтан кейін облыста екінші адам болып отыруы ненің белгісі? Сапарбаев өзі әкелген командаға ие бола алмай отыр ма?
– Бұл енді команданың жоқтығының белгісі ғой. Негізі әр басшы әр түрлі болады. Бір басшы тұтас команда құрады, екіншісі араларына әдейлеп іріткі салып, бір біріне қарсы қылып қояды. Бұл команданың ішкі құрылымын білмеймін. Өйткені олармен жұмыс істеп көрген жоқпын. Сырттай отырып баға бергім келмейді. Бірақ команда болғаннан кейін біреуінің кемшілігін біреуі жауып, көмектесу керек.
P.S.
Шын керек біздің елде мәслихат депутаттарының облыс әкіміне қарсы шығуы сирек кездеседі. Сондықтан да әулиеаталық азаматтардың Сапарбаевқа қарсылық көрсетуі айтулы жаңалық боллы. Егер депутаттар осылай батыл қадамдарға барса, онда елде оң өзгеріс болар еді.