08.04.2022, 10:20

Алматыда есірткі сататын 450 сайт бұғатталды

Фото: ашық дереккөз
Сондай-ақ, еріктілер мен белсенді азаматтардың арқасында есірткінің таралуы туралы ақпарат бар бес мың граффити-жазбалар боялды.

Алматыда 380 келі есірткі, оның ішінде 15 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов айтты.

«Есірткі қылмысына қарсы күрес саласында Полиция департаменті жедел жұмыс жүргізіп жатыр. Біз синтетикалық есірткілерді шығаратын үш есірткі зертханасын жойдық. Интернет-ресурстар арқылы синтетикалық мефедрон есірткі затын дайындау және сатумен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Биылғы жылдың басынан бері тағы бір есірткі зертханасын анықтадық, онда 150 миллион теңгенің есірткі шикізаты тәркіленді», – деді Қанат Таймерденов.

Еріктілер мен белсенді азаматтардың арқасында есірткінің таралуы туралы ақпарат бар бес мың граффити-жазбалар боялды. Есірткі сататын 450 интернет-сайт бұғақталды.

«Сонымен қатар, қаланың оқу орындарында да есірткіге қарсы тақырыптар бойынша 260 профилактикалық іс-шара жүргізілді. Осы жылы да бұл бағыттағы барлық іс-шаралар жалғасын табады және ерекше бақылауда болады», – полиция департаментінің бастығы.

Дереккөз: inform.kz