$ 494.87  520.65  4.91

«Қамқор меценат еді» – Бір топ өнер иесі Боранбаевқа араша сұрап, Тоқаевқа хат жазды

Хатта Боранбаев Қайраттың бүгінгі күнге дейін қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына, соның ішінде осы жолды арқалап жүрген өнер өкілдеріне әркез қамқоршы болып қана қоймай, керек кезінде қаржылай көмек берген қамқоршы меценат екендігі жазылған.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

ҚР халық әртісі Роза Рымбаева бастаған бір топ өнер адамы белгілі олигарх Қайрат Боранбаевқа араша сұрап, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Хатта Боранбаев Қайраттың бүгінгі күнге дейін қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына, соның ішінде осы жолды арқалап жүрген өнер өкілдеріне әркез қамқоршы болып қана қоймай, керек кезінде қаржылай көмек берген қамқоршы меценат екендігі жазылған.

Айта кетейік, қазақстандық олигархты наурыз айында Алматыда қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері ұстаған болатын. 

Қайрат Боранбаев — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы келіні Алима Боранбаеваның әкесі. 56 жастағы Қайрат Боранбаев Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарында. 

ҚР халық әртісі Роза Рымбаева әлеуметтік желіде жариялап және оған ондаған өнер иесі қол қойған хаттың толық нұсқасы:

Құрметті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Күні кеше ғана Сіздің Мемлекеттің болашағы үшін жаңа реформаларды қолға алып, халыққа жолдаған үндеуіңізді барша ел болып тыңдап, көптеген жақсы игі істерге қанық болдық. Еліміз бен жеріміз үшін, Мемлекетіміздің болашағы үшін жасап жатқан еңбегіңізге ризашылығымызды білдіреміз.

Осынау қиын қыстау сәттерде, мемлекетіміздің аяғынан тік тұрып кетуіне және болашақтың жарқын болуына үкімет тарапынан жасалынып жатқан іс-шаралардың басталуы, сонымен қатар құқық қорғау өкілдерінің көптеген келеңсіз жағдайлардың бетін ашып жатуы да көңілге жылу ұялатады. Біраз еліміздің атпал азаматтары жауапқа тартылып, олардың жасаған тірліктерінің ақ-қарасы тергеліп жатқанынан да хабардармыз.

Солардың бірі, ҚР азаматы – Боранбаев Қайрат Советайұлы.

Біздер осынау азаматпен туған бауыр-туыс болмасақ та, бізді жақындастырған қазақтың мәдениеті мен ән өнері еді.

Боранбаев Қайрат - бүгінгі күнге дейін қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына, соның ішінде осы жолды арқалап жүрген өнер өкілдеріне әркез қамқоршы болып қана қоймай, керек кезінде қаржылай көмек берген қамқоршы-меценат еді. Осы азаматтың көмегімен қаншама жас талант өздерінің биігіне көтеріле білді. Қаншама өнер майталмандары жеке концерттерін, жеке альбомдары мен бейне клиптерін жарыққа шығарды. Жас буынның жоғары білім алуына, көптеген ата-ананың тұрмыс-тіршілігінің қалыпқа келуіне мұрындық болды.

Құрметті Президент!


Біздер, төмендегі көрсетілген өнер өкілдері - қазіргі кезде басына іс түсіп, тергеліп жатқан Боранбаев Қайрат Советайұлының ісінің обьективті түрде ашық және жеңіл болуына қамқоршы болуыңызды өтіне сұраймыз.

Қазақ өнеріне қамқорлық танытып жүрген азаматтарымыз аман болсын!

Сіз басқарып отырған Мемлекетіміздің болашағы жарқын, ертеңі ерекше болатынына сенеміз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары