Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде техника дүкені мен сауда үйін тонағандар сотталды, деп хабарлады Алматы қалалық сотының Facebook парақшасы.
Сот мәліметінше, Алматы қаласының 47 және 32 жастағы жұмыссыз екі тұрғыны 2022 жылдың 5 қаңтарында төтенше жағдай кезінде Алматы қаласындағы "Sulpak" дүкенінен ұрлық жасап, жалпы құны 4 млн 752 мың теңгені құрайтын 3 дана теледидарды ұрлап кеткен.
Кейін сотталушылардың бірі осы сауда үйінен құны 56 мың теңге тұратын 2 маркалы принтер, стерео жүйе, 313 мың теңге тұратын 2 саундбар, 800 мың теңге тұратын 4 ноутбук, 37 мың теңге тұратын пернетақта, 100 мың теңге тұраты фотоаппарат және құны 268 мың теңге тұратын фотоаппаратқа арналған сөмке мен фото обьективті алып шықты.
Сот олардың бірінің әрекетін Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі 1,3-тармағы (қызметтік қызметке заңсыз кіре отырып, бірнеше рет жасалған аса ірі мөлшердегі ұрлық) , ал екіншісінің әрекетін Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша саралады. Ал 188-баптың 3-бөлігі 1,3-тармақтары бойынша жазаланған сотталушының кінәсін мойындау, өкіну және келтірілген зиянды өтеуі ескерілді.
Оған қатысты 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Екінші сотталушы Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәсін мойындап, өкініп, келтірілген залалды өтегендіктен, 5 жыл 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сотталушылар үкіммен келісіп, апелляциялық шағым түсірмеді. Үкім заңды күшіне енді.