$ 446.49  475.38  4.79

Ұлытау оқушылары атқа міну мәдениетін үйреніп жүр

Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді кентінің тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының қызметкерлері жергілікті мектеп мұғалімдерімен бірлесе отырып оқушыларға атқа міну мәдениеті бойынша сабақтар өткізіп жатыр.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді кентінің тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының қызметкерлері жергілікті мектеп мұғалімдерімен бірлесе отырып оқушыларға атқа міну мәдениеті бойынша сабақтар өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

Осындай сабақтардың бірінде № 6 тірек мектебінің тоғызыншы және оныншы сынып оқушыларына жылқыны қалай дұрыс ерттеу керектігін үйретті. Балаларға жылқы түрлері туралы айтылып, ат ерттеуге арналған жабдықтар таныстырылды.

«Біздің мұражайда «Мұрагер» жас тарихшылар клубы жұмыс істейді, онда белсенді оқушылар айналысады. Олар жобалық қызметке қатысады. Осы балалармен және екі жергілікті мектептің басқа да оқушыларымен түрлі іс-шаралар өткіземіз. «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында №6 тірек мектебінің оқушыларына «Атқа міну мәдениеті» тақырыбында сабақ өттік. Алған теориялық білімін бекіту үшін мектеп педагогы Гүлжанат Аблаева және мұражай қызметкері Абзал Қапаровпен бірлесіп тәжірибелік сабақ ұйымдастырдық. Бұл жұмыс бізде 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді», – дейді ғылыми-зерттеу қызметін қамтамасыз ету, экскурсиялық-бұқаралық және экспозициялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Үрзия Қапарова.

Жезді кентінде әр отбасы мал, соның ішінде жылқы өсіреді. Сондықтан мектеп оқушылары ерте жастан атқа міну тәжірибесімен таныс. Бірақ бәрі бірдей жылқыны дұрыс ерттей алмайды.

«Біз оларға мұражайда бар экспонаттарды, ер-тоқым, әбзелдерді көрсеттік. Олар жылқыны ерттеп, серуенге дайындауға көмектесті. Балаларға өте қызықты болды. Біз бұл тәжірибені жалғастыруға ниеттіміз», – деп қосты Үрзия Қапарова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары