1 наурызда Жамбыл облысы Мерке ауданының «Андас батыр» әскери заставасынан ізі-қайым жоғалып кеткен қатардағы жауынгер Ұлықбек Бердешовтың денесі Қырғызстаннан табылды. Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында белгілі журналист Гұлмира Әбіқай жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Журналистің жазуынша, сол маңдағы қойшы әскери киімдер тапқанын шекарашыларға хабарлаған. Киім ізімен барған туыстары жартастың ұшар басында ілініп тұрған Ұлықбектің денесін көрген.
«Өте өкінішті… Небәрі 18 жасар жігіт бір үйдің үлкені, бір үйдің үміті еді… Артында аңырап анасы, тау басында есеңгіреп ауру әкесі қалды. Қазалыдағы үйінде 2 інісі мен 2 қарындасы Ұлықбек ағам әскерден келеді деп күтіп отыр. Оқиғаның нақты қашан, неге болғанын арнайы әскери сот-сараптама анықтайды. Туыстарының әскер басшысына айтары көп: көкейде сан сауал мен мың күдік. Бұл тақырыпқа мен арнайы ораламын.Ұлықбек жайлы парақшамда жазғалы барша қазақ амандығын тіледі, Алладан саулығын сұрады. Оқырмандарым жауынгерді ораза айындағы тілек-дұғасына қосты. Алайда... Марқұмның ата-анасына, барша туыс-туғандарына қайғыра көңіл айтамын. Бақұл бол, Ұлықбек Айдарбекұлы», - деп жазды ол.
Айта кетсек Жамбыл облысы Меркі ауданындағы шекара бекетінде сарбаздың із-түссіз жоғалып кеткені туралы ақпарат осы айдың басында тараған болатын. «Андас батыр» бөлімінде борышын өтеп жүрген Ұлықбек Бердешевті іздеуге Қызылорда облысынан жақындары келіп, төрт бағыт бойынша 50 адам таулы аймақтарға тінту жүргізген. Ал Ұлықбектің әкесі «соңғы кезде баласы күнара қоңырау шалып ақша сұрайтынды шығарғанын» хабарлаған еді.
Қорғаныс министрлігі сарбаздың өлімі туралы әлі нақты түсіндірме берген жоқ. Министрліктің сайтында да, әлеуметтік желідегі парақшаларында да Ұлықбек Бердешовтың беймәлім өлімі туралы ешқандай ақпарат берілмеген.