$ 443.35  475.54  4.82

Петропавлда қала орталығынан мина табылды

Ішінде жарылғыш зат болуы мүмкін.
Фото: inform.kz
Фото: inform.kz

Петропавлда ер адам гараждар маңынан мина тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны минаға ұқсас тот басқан күмәнді металды өткен сенбі күні кешке таман Жамбыл көшесіндегі гараждар маңынан тауып алды.

Жарылғыш зат сол жердегі ағаштың түбінде жатқан. Зейнеткер бұл туралы бірден жақын маңдағы учаскелік полиция пунктіне барып хабарлаған. Оқиға орнына табылған затты тексеру үшін СҚО Полиция департаментінің қызметкерлері мен шұғыл қызметтер жетті. Олар келгенге дейін төңірек қоршауға алынып, қауіпсіздік шаралары жасалды. Мамандар сыртына қарап, табылған заттың қатты коррозияға ұшыраған танкіге қарсы мина болуы мүмкін екенін топшылаған. Тиянақты тексеру мен зерттеуден соң болжам расталып, жарғыштехник-мамандар оны жою үшін арнайы көлікке салып алып кетті. Кейін полиция қызметкерлері 6637 әскери бөлімінің полигонында жарылғыш затты жойды.

Жарғыштехник-мамандардың айтуынша, табылған зат – оқытуға арналған мина. Қатты тот басқандықтан және сыртқы таңбалары болмағандықтан, минаның нақты қай жылы шығарылғанын анықтау мүмкін емес. Полицейлер бұл заттардың сыртын тот басып, шірісе де қаупі жоғары екенін ескертеді. Ішінде жарылғыш зат болуы мүмкін. Бұндай заттарды тауып алған жағдайда бірден ішкі істер органдарына хабарлау қажет. Полиция қызметкерлері келгенге дейін оны орнынан қозғап, қолмен ұстауға болмайды.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары