$ 448.15  483.46  4.86

Бүгін Қаныш Сәтбаевтың туған күні

1921 жылдың басында Қаныш Сәтбаевтың тағдыры бір кездесуден кейін күрт өзгереді.

Академик, геолог және қоғам қайраткері 1899 жылы 12 сәуірде Теңдік ауылынан 1 километр қашықтықтағы Айрық деген жерде дүниеге келді. Бүгінде бұл - Павлодар облысы Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылдық округіндегі Мұса Шорман ауылы.

Дүниеге келген сәбиге Ғабдул-Ғани деген есім берілген. Анасы ұлын еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атапты. Артынша баланы барлығы Қаныш деп атай бастаған.

Қаныш Сәтбаев ауыл молдасынан білім алады. Ол араб, парсы тілдерінде оқыған. Мұнан кейінгі екі жыл көлемінде Сәтбаев уездегі алғашқы қазақ-орыс мектебінде білім нәрімен сусындайды. Мектеп Аққелін аулында ашылған.

1911 жылы Қаныш Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне түседі. Ол үш жыл ішінде төртжылдық бағдарламаны меңгеріп алып, артынша Семейдегі мұғалімдер семинариясына оқуға түскен. Сәтпаевтың денсаулығы сыр бере бастағандықтан, диплом алу үшін емтиханды экстернмен тапсырған. Содан кейін Томск технологиялық институтына түсуге дайындалады.

Асқынған туберкулезді қымызбен емдеу үшін 1920 жылдан 1921 жылға дейін туған өлкесінде болады. Осы кезде Қаныш Сәтбаев қазақ мектептеріне арнап алғашқы алгебра оқулығын жасауды бастайды. Бұл жұмысты 1954 жылы бітіреді.

Академик Қаныш Сәтбаевтың сара жолы

1921 жылдың басында Қаныш Сәтбаевтың тағдыры бір кездесуден кейін күрт өзгереді. Ол асқынған туберкулезден қиналып, қымызбен емделген-ді. Осы кезеңде Баянауылға емделуге кеңес геологы Михаил Усов келеді. 22 жастағы жігіт геология туралы әңгімелерге қызығып, 1921 жылы халық сотындағы қызметін тастап, Томскідегі техникалық институтқа түседі.

1922 жылдың басында дерті Сәтбаевтың жолына тағы да тосқауыл болады да, жас өрен ауылына қайта оралады. Бірақ Қаныш оқуын тоқтатқысы келмей, үйінде университет курсынан өтемін деп шешеді. Бұған Баянауылға жиі келетін Усов көмектеседі. Сәтбаев жарты жылдан кейін университетке оралып, 1929 жылы оны сәтті аяқтайды.

Көп ғасыр тарихы бар қазақтардың арасында тұңғыш геолог атанған Қаныш Сәтбаев Жезқазған және Қарсақбай ауданындағы басқа да пайдалы қазбалар кен орындары геологиясын зерттеді.

Сәтбаев геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді, оның жетекшілігімен бұрғылау мастерлері, сызба сызушылар, прорабтар және т.б. кадрлар қалыптасты.

Қазақстандық ғалым Жезқазған мыс кен орнының қоры бұрынғыдан әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осы жаңалық үшін оған 1940 жылы КСРО жоғары мемлекеттік наградасы – Ленин ордені берілді. Кейінірек оған тағы төрт орден табыс етілді.

Қаныш Сәтбаев соғыстан кейінгі жылдары елдегі ғылымда жүрген адамдардың басып қосып, Қазақ ғылым академиясын құрды.

1946 жылы ашылған ҚазКСР ғылым академиясының алғашқы президенті болып Қаныш Сәтбаевтың сайлануы кездейсоқтық емес.

1947 жылы наурызда Қаныш Сәтбаев КСРО жоғарғы кеңесінің депутаты ретінде Лондонда Уинстон Черчиллмен кездеседі, сол кезде саясаткер одан "Өзге қазақтар да сіз сияқты бойшаң ба?" деп сұрағанда академик: "О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын! Халқым менен де биік" деп жауап берген екен.

Қаныш Сәтбаев туралы естелік

Баянауылдағы Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейіндегі пікірлер кітабында мынадай жазба сақталып тұр: "Қаныш Сәтбаев – халқының ұлы баласы, кемеңгер ғалым, белгілі инженер. Қанекенің өмірлік жолы өз елін жақсы көрудің және ынтамен беріліп қызмет етудің үлгісі болды". Бұл сөздерді Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан еді. 

Баянауылдағы музей қоғамдық бастамамен 1964 жылы ашылды. Сол кездегі политехникалық институт студенті Ғаділбек Шалахметов Алматыдан академиктің туған жеріне оның әйелі Тайсия Алексеевна Сәтбаева табыстаған заттарын, құжаттарын, фотосуреттерін әкелді.

Осылайша экспозиция негізі қаланған болатын. Жергілікті басшылық музейге арнап Мәдениет үйінің бір бөлмесін берді. Жәдігерлер саны уақыт өткен сайын артып, 1967 жылы Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейі мемлекеттік мекемелер қатарына енді.

Музейдің қазіргі ғимараты 1973 жылы салынды. 1989 жылы академиктің 90 жылдығына орай оған тағы екі қабат қосылды. Музей қорында 3657 экспонат бар, оның 1400-і экспозициялық залға қойылған.

"Сәтбаев пен оның отбасына тиесілі экспонаттар өте көп. Жеке заттары, сыйлықтар, кітаптар, минералдар коллекциясы. Оның өмірінде қолданған заттары, киімдері – үштік-костюм, пальто, қалпақ, аяқ киім, жұмыс үстелі, көзілдірік, ұстара станогы, тостаған және табақша, жазу заттары. 1966 жылы экспонаттарымыздың көп бөлігі Таисия Сәтбаеваның музейіне берілді", - деді Баянауыл музейінің қызметкері Әлия Кашкеева.

Баянауылда Қаныш Сәтбаевтың 1941-1942 жылдардағы жұмыс жоспарының түпнұсқасынан басқа еңбектерінің көшірмелері қойылған. Басталған қойын дәптерлері бар, көбінесе өз қолымен толтырған.

Музейге Жезқазған бассейні аумағынан жинаған минералдар коллекциясы қойылған. Тағы бір маңызды жәдігер – 1956 жылы мүсінші Вучетич жасаған Қаныш Сәтбаевтың мүсіні.

"Қаныш Сәтбаевқа осындай ерекше сыйлықты оған алғашқы Ленин жүлдесін табыстау кезінде сыйлады. Музей ғимаратының кіреберісінде 2013 жылы тағы бір мүсін қойылды", - деді Кашкеева.

Музейде Қаныш Сәтбаев авторы атанған қазақ мектептеріне арналған алгебра оқулығының көшірмесі бар.

Аңыз ғалым Сәтбаевтың аты берілген Шорман ауылында музей ашылған. Жәдігерлер арасында замандастарының ол туралы аудиожазбалары, Сәтбаевтың сүйікті әндерінің жазбалары бар. Таспада ғалымның да дауысы жазылған.

"Мейіз Қанышқызы (Сәтбаевтың қызы) бізге екі қап минерал сыйлады. Оны әкелу қалай ауырға соққаны әлі күнге дейін есімде. Жүкті түсіріп алуға ғалымдар көмектесті. 1989 жылы 27 мамырда мектептің ескі ғимаратындағы физика кабинетінде музейіміз ашылды. Ақырындап академиктің туыстары бізге оның ер-тоқым, жүген, киімдері секілді жеке заттарын берді. Музей стендтерін павлодарлық суретші Бота Машрапов безендірді. Сәтбаевтың 100 жылдығында Теңдікте жаңа мектеп ашылып, сол жерге музейіміз қоныс аударды", - деп әңгімеледі мектеп директоры Кайриден Мұзафаров.

Қаныш Сәтбаев соңғы рет туған жері Баянауылда 1959 жылы болған. Ол 1964 жылы Мәскеуде ауруы асқынып қайтыс болды. Ғалым Алматыдағы орталық зиратқа жерленді.

sputnik.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары