12.04.2022, 10:40

Байқоңыр – адамзатқа ғарышқа жол ашқан ғарыш айлағы

Фото: ашық дерекөз
Бүгін – Бүкіләлемдік авиация және ғарышкерлер күні.

Осыдан тура 61 жыл бұрын, яғни 1961 жылы 12 сәуірде Қазақстандағы Байқоңыр аймағынан тұңғыш космос кемесі ғарышқа аттанды. Сөйтіп, Юрий Гагарин – әлемнің тұңғыш ғарышкері, ал Байқоңыр – ғарыш айлағына айналды. Алғашқы ғарыш сапарынан кейінгі жылдары әлемде 500-ден аса ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми зерттеулер жүргізген. Қазіргі таңда еліміз ғарыш технологиясымен жабдықталған 15 елдің қатарына енген. Бүгін – Бүкіләлемдік авиация және ғарышкерлер күні. Ғарыштың тылсым сырларына үңілу, жұмбағын шешу, тіпті, қажет болса оны игеру ғылым мен технология қарыштаған заманда ең өзекті мәселе, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отандық ғарыш саласының дамуы

Қазақстандағы ғарыш саласының дамуы ғарыш кеңістігін игерумен байланысты болды. Елдегі аэроғарыш саласын бүгінде отандық спутниктер, жердегі ғарыштық байланыс жүйесі, спутниктерді құрастыру және Байқоңырда перспективалық жобаларды іске асырумен айналысатын кәсіпорындар құрайды. Бүгінгі таңда ғарыш кеңістігінен Жерді бақылау мен қадағалау бойынша инновациялық міндеттерді жүзеге асырумен «Қазғарыш» компаниясы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы, Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы, Республикалық ғарыш байланысы орталығы және «Ғалам» кәсіпорны айналысады. Олар ғарыш жүйесін, жердегі инфрақұрылымдарды пайдалану мен құруды, жобалауды, алыс-жақын ғарыш кеңістігін зерттеуді жүзеге асырады. Қазiргi уақытта Байқоңыр ғарыш айлағы - әлемдегi бiрiншi және iрi ғарыш айлағы. Ол Қазақстанның Қызылорда облысында орналасқан. Себебi бұл жер жауыны аз, ауа райы тұрақты, елдi мекендерден барынша алшақ, орбитаға зымыранды шығару барысында шығындарды аз мөлшерде қажет ететiн аймақ болып табылады. «Байқоңыр» кешенiнiң құрамына Байқоныр қаласымен бiрге ғарыш айлағы кiредi және зымыран ұшыру мақсатында 9 түрлi 15 ұшыру алаңы және баллистикалық зымыран ұшыру мақсатында 4 ұшыру үстелiнен, 11 монтаждау-сынау корпустарынан (МИК) және басқа да инфрақұрылымдардан тұрады. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан алғашқы жасанды жер серігі 1957 жылы ұшырылды. Әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин де 1961 жылы «Восток» ғарыш кемесімен қазақ даласынан ғарышқа аттанған болатын. Кейіннен АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Италия сияқты елдер де өз азаматтарын ғарышқа ұшыра бастады. 70-жылдардың басында бұл қатарға Жапония, Қытай, Нидерланд, Испания және басқа елдер қосылды. Қазіргі таңда әлемнің 200-ден астам елі ғарыш қызметімен айналысады. Олардың көпшілігінде өздерінің ғылыми және қолданбалы маңызға ие жасанды серіктері бар.

Қазақтан шыққан ғарышкерлер

Қазақстандағы ғарыштық зерттеулер қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің ұшуымен тікелей байланысты. 1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығынан өткен Тоқтар Әубәкіров сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа аттанды. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Екінші ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшты. Ол 1994 жылы 1 шілдеде «Союз ТМ-19» экипажының борт инженері ретінде ғарыш сапарына аттанды. Оның әр жылдардағы ғарыштық экспедицияларының жалпы ұзақтығы бір жылға жуық уақытты құрады. Талғат Мұсабаев 2001 жылғы ғарыш сапарында Америка Құрама Штатының миллионері, ғарышкер-турист Денис Титомен бірге ұшты. Сонымен қатар, 2015 жылдың қыркүйек айында қазақ елінің үшінші азаматы Айдын Айымбетов ғарышқа ұшты. Ол Қазақстан атынан халықаралық экипаж құрамында ғарышты бағындырған Тұңғыш ғарышкер-ұшқыш. Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы». Ғарыш әлемінде болған 9 күн, 20 сағат, 13 минутта тапсырылған ғылыми жұмысын, әсіресе Каспий теңізі мен Арал көлі маңының экологиялық жағдайына байланысты зерттеулерін жүргізді. Біздің ғарышкерлер әлемдік деңгейде қазақстандық ғылымның жоспарланған ғарыштық эксперименттерін орындап қана қоймай, басқа мемлекеттердің ғарыш саласындағы ғылыми бағдарламаларын орындауда тең құқылы әріптестер болды.

«Kazsat» ғарыштық байланыс жүйесін дамыту

Қазақстанның ғарыштық байланыс жүйесі екі байланыс спутнигін қамтиды- KazSat-2 және KazSat-3. Олар Қазақстанның телехабар тарату мен байланыс саласындағы қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Олардың көмегімен еліміздің барлық аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелерге (мектептер, ауруханалар, әкімдіктер) байланыс, деректер беру қызметтері және интернет желісіне қолжетімділік ұсынылады. Сондай-ақ соңғы жылдары байланыс спутниктері арқылы шалғай аудандардың тұрғындары үшін интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету жүзеге асырылуда.

Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені

2019 жылы ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысы аяқталды. Ал 2020 жылы халықаралық стандарттарды және ғарыш аппараттарын құрастыру мен сынауға дайындығын растау үшін кешеннің операциялық біліктілігі тексерілді. Кешен жобалаудан бастап, спутниктерді құрастыруға және сынауға, сондай-ақ құрауыштарды дайындауға дейінгі жұмыстардың толық циклін жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

«Байқоңыр» ғарыш айлағын сақтау және дамыту

Байқоңыр – бұл әлемге ғылыми-техникалық прогреске, ал адамзатқа ғарышқа жол ашқан ғарыш айлағы. Дәл осы ғарыш алаңынан ғарыш дәуірінің басталуын жариялаған алғашқы спутник ұшырылды. Бүгінде «Байқоңыр» ғарыш айлағының болашағы екі ірі халықаралық жобамен байланыстырылады. Олардың біріншісі - Ресеймен бірлесіп, орта санатты «Союз-5» зымыран тасығышын ұшыру үшін «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру. Екіншісі - Ресеймен және БАӘ-мен бірлесіп «Союз-2» зымыран-тасығыштарын ұшыру және олардың модификациялары үшін Байқоңыр ғарыш айлағындағы №1 ұшыру алаңын реконструкциялау бойынша «Гагарин старты» жобасы пысықталуда. 2021 жылы желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов елімізде «Байқоңыр» ғарыш кешенін дамытудың жол картасы әзірленетінін мәлімдеді. «Байқоңыр» ғарыш айлағының бүгіні туралы айтатын болсақ, кешеннен ұшатын зымырандардың саны мен жүктемесі азайды. Қазіргі таңда Протон-М және Союз-2 зымыраны ғана ұшырылады. Біздің алдағы мақсат – кешен жұмысын жетілдіру және инвестиция тарту. Осы орайда, Байқоңыр кешенінің болашақтағы дамуына қатысты талдау қолға алынды. Талдау жұмысы мен сала мамандарының ұсынымдары негізінде Байқоңыр ғарыш айлағын дамытудың жол картасы әзірленеді», - деді Баубек Оралмағамбетов. Комитет басшысының айтуынша, аталған ғарыш кешенінің болашағына қатысты талдау жұмысы екі бағытта жүріп жатыр. Біріншісі - ғарыш кешенінен ұшыралатын зымырандардың қызметіне қатысты болса, екіншісі - ғарыш айлағын туристік нысан ретінде дамыту. «Талдау жұмысы арқылы «Байқоңыр» ғарыш кешенінің 10 жылдық дамуына болжам жасалады. Ғарыш саласы үшін 10 жыл аздық етеді деп жатқандар бар. Оның өзіндік себебі де бар, қазір заман мен талап күн санап өзгеріп жатыр. Жаһан жылдам дамып жатыр, осы орайда алдағы 20-30 жылға жасалатын болжам уақыт өте келе мәнін жоғалтуы мүмкін», - дейді ол. Сонымен қатар, өткен аптада ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ресейдің «Байқоңыр» айлағындағы жоспарлары өзгермегенін, сондай-ақ 15-20 сәуір аралығында бірқатар мәселе бойынша ресейліктермен келіссөздер көзделіп отырғанын айтты. Оның ішінде таяу жылдарға арналған перспективалы жобалар қаралатынын жеткізді. Сонымен қатар, министр «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алғаны үшін Ресей мемлекеті қанша қаржы төлеп жатқанын атап өтті. «Ресейлік әріптестермен келіссөздер алдағы уақытта болады деп жоспарланып отыр. Себебі тиісті өзгерістер болып жатыр. Жылына 100 млн АҚШ долларынан астам қаражат қарастырылған. Шарт 2050 жылға дейін бекітілген», - деді Бағдат Мусин.

Ғарыштық мониторинг қызметі

2005 жылы жарғылық капиталын 100 пайыз мемлекет өз мойнына алған «КазКосмос» ұлттық компаниясы құрылған еді. Компания 2007 жылы «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» акционерлік қоғамы болып қайта жасақталған. Сол кезден бері бұл компания елге қызмет етіп келеді. Жерді қашықтан зондтау, ғарыш технологиясын дамыту, шетелдік компаниялармен бірлескен жобалар әзірлеу қатарлы қызметтерді осы компания іске асырады. Мәселен, отандық жер серігі 2019 жылы ел аумағынан заңсыз қоқыс төгілген 9 628 орынды тапты. Одан бөлек, жыл сайын өрт шыққан жерлерді анықтап жатады. Сонымен бірге ғарышты зерттеу мен ғарыш қызметін ұсыну саласымен тізе қоса ІТ саласының да дамып келе жатқанын атап өту керек. 2016 жылы алғаш рет «аэроғарыш өнеркәсібі» дейтін термин ресми мекемелердің атауларының қатарына кірді. Сол жылы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылса, қазір ол Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ретінде қызмет етіп келеді. Яғни, аэроғарыш саласы Қазақстан экономикасындағы маңызды салалардың қатарына қосылуда. Қазақстанның ғарышты игеруге бағытталған саясаты еліміздің бұл саладағы бәсекеге қабілетін арттырып, жаңа мамандықтың пайда болуына және сала жетістіктерін пайдалануға мүмкіндік береді. Қазір еліміздің бірқатар оқу орынында аэроғарыш саласының мамандары даярланып жатыр. Сондай-ақ елдегі ғарыш саласы бойынша нысандар мен жерүсті инфрақұрылымдары бірыңғай негізде ұйымдастырылған. Ғарыш саласын дамытудың барлық стратегиялық бағыттары бойынша кәсіпорындар құрылған. Бүгінге дейін ғарыш саласы бойынша кәсіпорындардың ғылыми және инженерлік құрамының білікті кадрлары қалыптасып, ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы жинақталған.