Былтыр Алматыда 9-қабаттан үш баласымен секірген әйелдің әрекеті қоғамда көп талқыланған болатын. Енді сол оқиғаға қатысты қылмыстық іс жабылды. Бұл туралы Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты деп хабарлады turkystan.kz.
Әуезов аудандық ІІБ «Өзін-өзі өлтіру» ҚР ҚІЖК 105-бабы бойынша қылмыстық істі тіркеген болатын. Алайда қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.
«Аталған факті бойынша Әуезов аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Кешенді тергеу шаралары жүргізіліп, нәтижесінде қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», – деді Алматы қалалық Полиция Департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қарашасында 28 жастағы келіншек әйел 9-қабаттан 6, 5 және 2 жастағы үш баласын лақтырып жіберіп, артынша өзі секіріп кеткен.