Жамбыл облысының тұрғыны аса ірі мөлшерде есірткі сақтағаны үшін жеті жылға дейін сотталуы мүмкін, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жамбыл облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомствоның есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шу қаласының 52 жастағы азаматын ұстады. Күдіктінің тұрғылықты жері бойынша тінту жүргізу барысында жалпы салмағы 5 келі 542 грамм кептірілген марихуана және 65 грамм гашиш есірткі заттары табылып, тәркіленді.
Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта ол Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. «Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен (Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы қылмысты жасағаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деп атап өтті облыстық ПД ЕҚҚІБ бастығы Асқар Жұмабеков.