Ресейде наурыз айынан бері жұмыс іздеуге арналған HeadHunter және SuperJob сайттарында келісім-шартпен әскери қызметке шақыратын мыңдаған хабарландыру пайда болған. ВВС Ресей аталған хабарландырулар арқылы Украинадағы соғысқа адам іздеп жатқанын анықтаған деп хабарлады qamshy.kz.
Ресей президенті Владимир Путин Украинада соғысып жатқан әскері кәсіби жауынгерлерден және келісім-шартпен қызмет етушілерден тұратынын әлденеше рет айтқан. Бастапқыда соғыста әскерінің қаза тауып жатқаны туралы жақ ашпаған Кремль соңғы уақытта әскері орасан шығынға ұшырағанын мойындады. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Sky News телеарнасына берген сұхбат барысында «біз көптеген әскерімізден айырылдық, бұл – біз үшін үлкен трагедия» деген болатын.
Аты-жөнін жасыруды құп көрген эксперт ВВС-ге Ресейде әдетте келісім-шартпен қызмет ететін әскерилерді интернеттегі хабарландыру арқылы емес, әскери комиссариаттар арқылы алатынын айтқан. Оның сөзін HeadHunter сайтындағы деректер де растайды. Сайттағы әскери қызмет туралы 3 мың хабарландырудың түгелі соңғы айда жарияланған. Алайда сайт өкілдері мұндай вакансиялар сайтта бұрын да жарияланғанын мәлім еткен. Алайда олардың саны қазіргіден едәуір аз.
Тағы бір танымал Superjob сайтында бір аптада әскери қызметке шақырған 18 мыңнан астам хабарландыру шыққан. Қорғаныс министрлігіне қатысы бар сайтта осыған ұқсас 500 вакансия жарияланған.