$ 494.87  520.65  4.91

«Әйелімнің мүсіні қойылғаны рас»: Шымкенттік экс-судья желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді

Ол жерде тек менің жарым ғана емес, әке-шешеме де арнап орнатылған мүсін бар.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының бұрынғы төрағасы Бекет Тұрғараев көзі тірісінде өзіне және әйеліне арнап кесене салдырды деген ақпаратқа жауап берді.

Еске сала кетейік, кеше әлеуметтік желілер мен месенджерлерде «Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының бұрынғы төрағасы өзіне және әйелі арнап мавзолей салды» деген ақпарат тарады. Қазақстандық желі қолданушылары видеодағы кесенені атақты Тәж Махалға теңеп, сынай бастады.

Белгілі болғандай видеодағы мавзолей Бекет Тұрғараевтың бастамасымен бой көтерген «Бабалар рухына тағзым» деп аталатын кешен құрамындағы, Пір Бекет Мырзағұлұлының 270 жылдығына орай салынған «Бекет Ата киелілер кесенесі» екен. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне экс-судья Бекет Тұрғараев айтып берді.

«Қазығұртта тұратын халық, ел болып жинап Ұлы отан соғысының 70 жылдығына арнап «Бабалар рухына тағзым» деген кесене тұрғыздық. Онда қан майданда қаза тапқан 530 адамның аты жазулы тұр. Жанында «Анаға тағзым» ескерткіші бар. Ал видеодағы кесене ол Пір Бекет Мырзағұлұлының 270 жылдығына орай салынған «Бекет Ата киелілер кесенесі». Оның негізгі мазмұны тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмір туралы. Қазақстанның территориясындағы ұлттық нысандарды елдің бәрі барып көре алмайды. Мен оны көрген ел көрсін, білсін деп мавзолейге қойдым. Кейбіреулер жұртты таңғалдырамын деп тойханасына қойып жатыр. Мен жергілікті халық пен туристер көрсін, жалпы ұрпағымыз білсін дедім», - деді ол.

Бекет Тұрғараев осыдан 12 жыл бұрын зейнетке шыққан. Қазір бар уақытын руханиятты жаңғыртуға арнап жүр.

«Кесенені халықтың қаржысына және өзімнің қаржыма салдым. Інілерім мен ағамның 10 баласы бар. Су шығарамыз, мал бағамыз, содан тапқан қаражатты игі іске жұмсаймыз. Кешеден бері видео бойынша көп адам хабарласып жатыр. Теріс пиғылды біреудің әрекеті деп (видео туралы - авт.) ойлаймын. Менің судья болғанымды, биографиямды салып қойыпты ғой. Жалған ақпарат таратқан адамдарды жауапқа тартып, олармен соттасып жатпаймын. «Ит үреді, керуен көшеді» деген қазақтың сөзі бар. Сондықтан бірлі-жарым теріс пікір айтқандарға бола уақыт шығындау ойымда жоқ. Ондайларға уақыт пен көңіл бөле берсең жолыңнан қаласың. Мен өз тірлігімді жалғастыра беремін», - деп қосты ол.

Сондай-ақ кесенеге қойылған жары Ұлды Хамитқызына арнап қойған мүсін туралы түсіндірді.

«Ол жерде тек менің жарым ғана емес, әке-шешеме де арнап орнатылған мүсін бар. Әкем соғыс ардагері болды. Ата-анам мені дүниеге әкелген, оларды ардақтау менің парызым. Әйеліме мүсін қойғаным рас. Оны жасырмаймын. Мен өлген соң балаларын қоя ала ма, жоқ па білмеймін. Сондықтан, өзімнің жарыма құрметім ретінде қойдым», - деп түйіндеді сөзін Бекет Тұрғараев.

Қазығұрт аудандық әкімдігінің мәліментінше, видеодағы кесене аудандағы Шымкент-Тәшкент күре жолының бойында орналасқан «Бекет ата киелілер кесенесі».

«Пір Бекет Мырзағұлұлының 270 жылдығына орай салынған кесене. Жалған ақапарат тарап жатыр.  Бекет Тұрғараев - қоғам қайраткері, руханияттың жанашыры. Ол адам өзіне немесе отбасына арнап ешқандай мавзолей салған жоқ», - деді Қазығұрт аудан әкімдігіінң баспасөз қызметінің жетекшісі Сапарбек Қалботаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#судья #кесене