Қызылорда облысы Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылындағы мектептің мұғалімдері мен оқушылары дабыл қағуда. Айтуларынша, ғимараттың қабырғасы күннен күнге қақырап, іргетасы сөгіліп барады, деп хабарлайды Stan.kz .
Былтыр мамандар нысанды апатты деп таныған. Бірақ жауаптылар білім ордасының құрылысын бастауға асығар емес дейді. Ауылдағы жалғыз білім ордасының салынғанына 40 жылға жуықтаған.
Мұғалімдердің айтуынша, әу баста ғимарат құрылысында шикілік көп болыпты. 90 жылдан бастап қабырғаға сызат түсе бастаған. Оны құрсаулап, осы уақытқа дейін жыртығын жамап-жасқап келген көрінеді. Алайда былтырдан бері жөндеуге де жарамай қалды дейді.
“Осы тұрғанда құлаудың алдында тұр. Балалардың өзінде үрей бар. Мына бетон қозғалып тұрған сияқты ағай деп айтады. Ана-аналарда һүрей бар. Жазатайым "жаман айтпай жақсы жоқ" бірнәрсе бола қалса өкініші кетпейді ғой”, – дейді №94 орта мектептің мұғалімі Ахмедия Төлешов.
Мұғалімдердің айтуынша, мектеп жертөлесі жылда суға толады. Оны арнайы мотормен айдап, әлекке түсеміз дейді. Содан болса керек, нысанның іргетасы мүжіліп, қабырғалары сөгіліп тұр.
Мектеп директорының айтуынша, мамандар былтыр шілдеде ғимараттың апатты екендігі туралы қорытынды шығарған. Ал 4-тоқсанда оның бір бөлігін жауып, адамдардың кіріп-шығуына тыйым салыпты. Мектеп басшысы "осы мәселемен 8 жылдан бері жүгіріп жүрмін" дейді. Бірақ, мұнда оқу балалардың өміріне қауіпті деп санамайды.
“Маман емеспін ғой. Бірақ қауіпті деп айта алмаймын. Себебі қауіпті жағын көріп тұрған жоқпын. Жардан, басқа жағынан өзгеріс көріп тұрған жоқпын. Мүмкін енді, осы жаздан басталса, келесі жылға аяқталуы да мүмкін. Оған енді толық жауап бере алмаймын”, – дейді №94 орта мектептің директоры Алик Тілеуімбетов.
Жаңа мектептің құрылысы қашан басталатыны әзірге белгісіз. Оның сметалық құжаттары да дайын емес дейді білім ордасының басшысы. Сондықтан ауылдың 300 баласы апатты ғимаратта ұзақ оқитын түрі бар.