Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
"Біз алғаш рет жоғары білім деңгейінде «Қолданбалы бакалавриатты» пилоттық режимде биыл енгіземіз деп отырмыз. Бұл 2-2,5 жылдай қысқа мерзімде практик-маман даярлап шығаруға мүмкіндік береді. Олар осы қысқа мерзім ішінде білімін алып, жұмысқа тұруға мүмкіндік алады. Егер қажеттілік болса, әрі қарай оқу орнына түсіп, тиісті деңгейде білім алып шығуына жол ашық", - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар ол 2022 жылы іске қосылатын тағы бір пилоттық жобаға тоқталды.
"Биыл біз тағы бір пилотты бастадық. Ол кәсіпорындардың өздеріне мақсатты тапсырыс беру арқылы оларды кадрларды даярлауға тарту. Биылғы жаңа оқу жылында оларға мақсатты 20 мың грант береміз. Бизнес мамандардың біліктілігіне күмән тудырса, енді біз олардың өздерін осы жұмысқа тарттық. Кәсіпорындар студенттерді және оқытатын ұйымды да таңдайды, бірақ сол түлектердің жұмысқа орналасуы, дуалды оқыту және практикадан өтуі бойынша кепілдік береді", - деді Асхат Аймағамбетов.
Ведомство басшысының мәлімдеуінше, осылайша мамандарды даярлаудың сапалы болуына жауапкершілік артады. Бұл үшін алдын ала келісім бар деп отыр.