20.04.2022, 00:35

Ақтөбеде ауыл тұрғындары әкімнің алдында жылап жіберді (ВИДЕО)

Әлде міндетті түрде біреуі өлуі керек пе? Балаларымыздың өмірі үшін қорқамыз.

Ақтөбе облысының әкімін арнайы іздеп келген ауыл тұрғындары Оңдасын Оразалинмен қуып жүріп кездесті, деп хабарлайды orda.kz. 

Шағын бекет тұрғындары әкіммен кездесу үшін үш сағат жол жүріп келген.  Әкімдік ғимаратының алдына келіп, тағы сағаттап күтті. Ауыл халқы «Аманат» партиясында отырған Оңдасын Оразалинді шенеуніктердің көмегінсіз өздері тауып алды.

Мұғалжар ауданы Темірмост бекетінің тұрғындары мектеп мәселесіне әкімнің араласуын талап етті. Айтуларынша, кешеден бері балаларын мектепке жіберуді тоқтатқан. Себебі 80 жыл бұрын саманнан салынған мектеп бүгінде құлағалы тұр. Тозығы жетіп, қабырғасы үгітіліп тұрған мектеп төбесі «балалардың үстіне құлап кете ме?» деген қорқыныш бар.

«Мектебіміз апатты жағдайда тұр. Сондықтан мен қазір балаларымды сабаққа жібере алмай отырмын. Төбесі құлайын деп тұр. Оқыс жағдай болса кім жауап береді?  Әлде міндетті түрде біреуі өлуі керек пе?» деді ауыл тұрғыны Гүлмира Төлегенова. 

Тұрғындар ауылдағы жүзге жуық баланың әр жерге барып оқып жүргенін айтты. Ауылдағы апаттық бекетте қазір бастауыш мектептің 28 баласы ғана оқып жүр. Вокзалдың құлайын деп тұрған ескі ғимаратын 50 жыл бойы мектеп етіп пайдаланғандар бұл қорлықты тоқтатуды талап етті.

Мектептен басқа ештеңе сұрамаймыз

«Біз 9 жылдық мектеп ашып беруін сұраймыз. Мектептен басқа ештеңе сұрамаймыз. Өтінішімізді айтып, облыс әкіміне келіп тұрмыз. Балаларымыздың өмірі үшін қорқамыз. Кешеден бері сабаққа жібермей отырмын» дейді Райшан Байділова.

Тегтер: Ақтөбе мектеп