20.04.2022, 12:40

Америка асқан алтайлықтар

Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлығының әр түкпірін жайлаған ежелгі «үндіс» халықтары түркі жұртының бір бұтағы. Ол әлдеқашан-ақ дәлелденген дүние.

Америка құрлығын мекен етіп жатқан қазіргі тұрғындардың арғы тегі азиялықтардан тарауы мүмкін деген болжамды америкалық археолог ғалымдар 19 ғасырдың ортасынан бастап ашық айта бастады. Олар алғашында аталмыш құрлыққа адамдар өте ерте плейстоцен заманында, яғни 2 миллион жыл бұрын қоныстана бастады деп жорамал жасаған еді.  

Кейін Льюис Генри Морган есімді археолог ғалым «Америка құрлығының алғашқы тұрғындарының азиялықтар екені рас. Олар осыдан 10-15 мың жыл бұрын екі құрылықтың (азия мен америка) арасын жалғастырып тұрған жіңішке қырат арқылы өтіп келген аңшылар қауымынан тарады» деп батыл байлам жасады.

Арада бір шама уақыт өткеннен кейін осы деректердің ақ-қарасына көз жеткізу мақсатында америкалық ғалым Алеш Грдличка 1912 жылы Сібір мен Алтайға арнайы келіп, жергілікті тұрғындардың тілі, әдет-ғұрпына қатысты біршама зерттеу жасап көреді. Сапарында расында да алтай-сібір-үндіс халықтарының арасында белгілі бір ұқсастықтар барына көз жеткізеді. Осылайша ол «осыдан мыңдаған жылдар бұрын Азия құрлығы мен Америка материгінің түйісер тұсындағы өткел қырат болған, сол қырат арқылы алтай және сібір тұрғындары қазіргі америка жеріне қоныс аударуы мүмкін» деген жорамалдың негізсіз еместігіне көз жеткізеді. Ұзамай «Аляска күнделігі» атты зерттеу кітабын жазып ғылыми қауымдастық алдына үлкен миссия тастап жібереді. Осыдан бері алтай және үндіс халықтарының туыстығы мәселесі күн тәртібінен түспейтін мәселенің біріне айналып сала берді.

Ғылыми дәлелдерге сенсек, Америка құрлығына адамдар үш рет қоныс аударған. Алғашқы көш 35-40 мың бұрын басталған, екіншісі 25-28 мың, үшіншісі 10-14 мың жыл бұрын. Одан кейін теңіз бен жердің арасын жалғап тұрған Берринг бұғазы су астына кеткен. «Осылай ұлы көш аяқталды. Бұл Азия­ның соңғы көші болды», дегенге саяды ғылыми пайымдар.

Ғалымдардың пайымына сенсек, осыдан 20-25 мың жыл бұрын қазіргі Чукот, Охот және  Шығыс Сібір секілді теңіздер болмаған. Амур өзені Сахалин және Жапон аралдарымен сондай-ақ Камчатка аралдарының бір бөлігімен түйісіп жатқан. Яғни, Азия мен Американың арасы мың­даған шақырымға созылған жіңішке жер мойнақ (бұғаз) арқылы жалғасып жатқан. Ол бұғаз қазір Берринг бұғазы деп аталады.

2019 жылдың 31 қаңтары күні Канаданың CBS News телеканалы осы Берринг бұғазы туралы арнайы зерттеу фильмін көрсетті. Фильмде жұртшылық назарына белгілі геолог ғалым Джеф Бондтың ұзақ уақыт бойғы ғы­лыми-зерттеу жұмыстарының негізінде құрастырған Берринг бұғазының картасы ұсынылды. Онда осыдан 18 мың жыл бұрынғы Берингия жермойнағының көлдер мен өзендерге бай жасыл аймақ болғаны анық көрсетілген. «Қазіргі Берринг бұғазы мен Аляскаға тиіп тұрған батпақты алқап­тар­ға геологиялық тұрғы­дан жүр­гізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйене отырып, Берингия жермойнағының кли­маты мен қоршаған ортасы ол замандарда байырғы сібір­лік­тердің өмір сүруіне әбден лайық­ты болғандығын да, соның арқасында олардың әлгі аймақта ондаған мың жылдар бойы мекендеп келді деп батыл шешім шығаруға болады. Яғни, сол дәуірдегі Берингия жермойнағында қалыптасқан экологиялық және климаттық ахуалдың Сібірден алғаш қоныс аударушылардың өмір сүру жағдайына әбден лайықты болды. Ол аз десеңіз, Беррингияда ол заманда ормандар мен жасыл алқаптардың да, мамонт және бизон секілді сүтқоректі алып жануарлардың болғанын археологиялық қазба жұмыстары да дәлелдеп отыр», - дейді деректі фильм авторлары.

Генетикалық талдаулар не дейді?

Генетика саласының аса білгірлерінің бірі саналатын химия ғы­лым­дарының докторы, про­фес­сор Анатолий Алексеевич Клесовтың айтуынша, ежелгі америкалық «үндіс­тер­дің» генотипі Сол­түс­тік Сібір халықтарымен өте ұқсас. Қос халықтың арасындағы гендік ұқсастық көрсеткіштері 50-90 пайызды (чипе­ва­лық­тар 90, эскимос­тар мен алеут­тердің  ДНК көрсеткіші 50 пайыз) құраған. Бұл - байырғы америкалықтардың 52 түрлі ге­номы мен көне сібір-алтай ха­лықтары өкілдерінің 17 түрлі ДНК ерекшеліктерін геномын салыстыра отырып алынған зерттеулердің нәтижесінен алынған қорытынды. Генетик ғалымдардың айтуынша, екі халық арасындағы генети­ка­лық алшақтықтар мен ұқсастық­тар­ға қатысты 300 мың ДНК тізбектері анықталған. Тағы бір айта кетерлігі, Амери­ка­ның оңтүстігіне қарай жүрген сайын азия­лық гено­тип көрсеткіші солғұрлым азая түскен.

1936 жылы Амери­ка­ның Нью-Мексико штатын­дағы Кловис қаласының маңы­нан бір жарым жасар баланың қаңқасы табылды. Зерттеу барысында оның мұз дәуіріне тән екені анықталады. Ең қызығы, ДНК сараптамалар бұл баланың жұрт ойлағандай еуропалық емес азиялық нәсілге жататынын көрсетіп берді. Бұл Солтүстік Американың байырғы тұрғындарының түпкі тегінің Еуропадан емес, тікелей Азиядан тарағанын тағы бір дәлелдеп өтті. Көп ұзамай бүтіндей Америка құрлығын мекендеген байырғы тұрғындарының шамамен 80 пайызға жуығы осы Кловис мәдениетіне тән геномдардан тарайтыны, сон­ымен қатар сол геномдардың үштен бірі­нің осыдан 24-25 мың жыл бұ­рын­ғы сібірлік геномнан бас­тау алатыны да қоса дәлел­деп берді. Бұл - байырғы америкалықтардың о бастағы азиялық түпнұсқа геномының бастау көзі осыдан 25 мың жыл бұрын азиялық Сібірден таралғанымен, Америка жеріне олар тек 15 000 жыл бұрын ғана келіп жеткенін көрсетеді.

Генетика ғылымының соңғы жетістігі ДНК тәсіліне сүйенген американ ғалымдары байырғы жерлестері тұқым-тегі алтайлық, тыбалық, сахалық, хакастық, шорлық түркі тектестермен байланысты екенін анықтады. Мұны Ресейдің Вавилов атындағы жалпы генетика институты да бірнеше рет дәлелдеп берді.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түр­ко­логия және Алтайтану ғылыми зерт­теу орталығының директоры, фило­ло­гия ғылымдарының докторы, про­фессор Қаржаубай Сартқожаұ­лының айтуынша, Америка конти­нен­тіне өтіп кеткен тайпалар Тәңірлік дінді ұстанған. «Олар көшкен кезде біз де сол дінде бол­ғанбыз» дейді ол.

Лингвистикалық зерттеулер де бұл пікірді жоққа шығармайды

Белгілі татар ғалымы Абрар Хайруллин және қазақ ғалымы Әділ Ахметов сынды азаматтардың айтуынша, ежелгі үндістердің 4 мыңдай түркінің түбір сөз­дерін қолданған. «Мен Америкада үш жылдан астам уақыт қызмет еттім. Сол кезде Америкадағы «үндістердің» мәдениетіне көңіл бөлдім. Өйткені «Үндістер Азиядан келген» деген гипотеза бұрыннан бар ғой. «Осы гипотеза рас болса, «үндістер» Азиядан келсе, Азия­дағы ең үлкен халық түркі халы қтары емес пе?» деп ойлайтын едім. Осындай оймен Аризона университетінің кітапхана­сында көп жұмыс жасадым. Сонда қазақ тілінен сабақ беріп жүргенмін. Күндердің күнінде Дисс Ауэр деген 68 жастағы бір студентім, арғы тегі неміс: «Сабақтан кейін маған бес минут уақыт бөлесіз бе?» – деп сұрады. Жөн сұрастық. Сөйтсем, оның әкесі көп жылдар бойы Ыстамбұлда саудамен айналысқан екен. «Кімнің жерін жерлесең, соның суын ішесің» демекші, Дисс Ауэр әкесімен бірге жүріп, түрікше үйреніп алған екен. Түркінің бір бұтағы деп өзінше жақын тартып жүргені ғой. Сосын менің Қазақ­станда, Хан Тәңірінің етегінде туғанымды біліп: «Тауды жақсы көреді екенсіз ғой, тауға барып қайтайық», – деп ұсыныс жасады. Өйткені Тусонның айналасы түгел тау ғой. Сөйтіп, жолға шықтық. Келе жатсақ, жолдағы бағанда «Баба тоуак» деген белгі тұр. Соны суретке түсіріп алдым. Себебі «Тоуак» сөзі «тау» сөзімен үндес секілді көрінді. Қырғыздар «тоо», түрікмен, әзербайжан, түріктер «даг» дейді. Үзеңгі жолдасымнан мағынасын сұрасам, «Бақа тау» деген сөзді білдіреді екен. «Қаратау», «Бурыл тау» деген атаулар да бар екен. Осылайша, үндістер тарихын зерттеуді бастадым. Тілдерін зерттеп, сөздіктерін сапырып отырып, 360-тай ұқсас сөз тауып алдым. Оның ішінде «кел», «кет», «бояу», «құда», «балдыз», «тұлым» деген сөздер бар екен. Топонимдерін қарап отырсам, 138 жер атауы «тепек» сөзімен тіркеседі екен. Біздің­ше – «төбе». Түрікмендер – «дебе», түріктер «тепек» немесе «тепе» дейді. Ежелгі ацтектер, майя, кечуа тайпаларының тілдерінде түркілік сөздер қаншама. Мәселен, майя мен түркі тіліндегі «тас іші, тұлым, жалқау, жасын, жас жылан, шыбыншы, толы, ақ, көк, ойын, долы, исібар, бақалар» сынды сөздер қазақ­ша сәйкестендірсе тура осы мағынаны береді. Оны аз десең мынаны айтайын. Майя тілінде қош – қазақша құс, маяша ақап – қазақша нағашы аға, маяша имиш – қазақша жеміс, маяша бақа – қазақша бақа, құрбақа, ал кечуа үндістеріндегі «кэт» – қазақша «кет», кэл – қазақша «кел». Тура сол мағынасында. Сиу үндістерінің тіліне үңілсек, «сиуша таң – қазақша таң», сиуша «тани» – қазақша «тану», «ате – әке», «ина», «ене» – «ана», «оиа – аяқ», «ишу – ішу», «қан – қан», майяша «аак» – қазақша «ағу, ағыс», «батал» – қазақша «бай», «икм – екі», «тур – тұр», «тік – тік». Бұл жай ғана ұқсастықтар емес», - дейді Әділ Ахметов.

Сол секілді неміс ғалымы Отто Риг те ежелгі үндіс халықтары мен алтайлықтардың морфологияларының тым ұқсастығына, сонымен қатар олардың тілдерінің жалғалмалы /аггютинивтік/ тілдер тобына жататынына қатты таң қалған. «Сиу тілін орал-алтай тілдері тобына қосуға болады. Морфологиясы тым ұқсас. Екеуі де жалғамалы тілдер. Предлогтары жоқ, Фонетикасы жақын: түрік те, сиу тілдері де үндестікті заңына бағынады» дейді ол. Сол секілді зерттеуші ғалым Б.Ферейрд те Боливия мен Перуде де өмір сүрген кечуа тіліндегі көптеген сөздердің түркі тілдеріндегі ұғымдармен бірдейлігі жөнінде айтқан.

Айтпақшы, Мичиган, Висконсин, Миннесота, Дакота, Небраска,Ореган, Юта, Айдахо, Алабама, Делавэр, Канзас, Оклахома, Гурон, Онтарио, Онайда, Сенека, Мичиган, Винипег, Миссисипи, Потомак секілді елді-мекен, штат, өзен-көл және тау атауларының барлығының да түп астарында көне түркілік сарын жатқан көрінеді.

Ол аз десеңіз, әйгілі майя тілі мен өркенитетінен де түркілік сарын тауып жатқандар аз емес. Әділ ағамыздың айтуынша, майя тілінде «kin» деген сөз кездеседі. Әрі ол сөздің бірнеше мағынасы бар: бірінші мағынасы – аптаның бір күні, екіншісі – аспан әлеміндегі Күн, үшінші мағынасы – кіндік дегенді білдіреді екен. «Ежелгі майя­лық­тардың (үндістердің аса бір өрке­ниетке қол жет­кізген бір тармағы, тайпасы) бізбен – Алтай халықтарымен тарихи байланысы үлкен ғылыми-зерттеуді қа­жет етеді. Оны ешкім жоққа шығара ал­майды. Ежелгі бабаларымыз Солтүс­тік Америкаға cу арқылы емес, жермой­нақ арқылы өткен. Кезінде Азия мен Солтүстік Американың арасында ені 50 мильдік жермойнақ болған. Олар сол жермойнақ арқылы көшкен. Кейін мұз еріген соң, ол жерде бұғаз пайда бо­лады. Америкалық «үндістердің» Ал­тай­дан кеткенін айшықтайтын тағы бір жайт бар. Ол майялықтардың 260 күн­дік киелі күнтізбесі. Яғни ана мен нә­рес­тенің күнтізбесі. Жатырға түскен ұрық пен баланың өмірге келу арасы – 260 күн. Яғни тоғыз ай, тоғыз күн. Аталмыш күнтізбе осыдан пайда болған тәрізді. Мұндай санау жүйесін олар бізден алып барған. Алтай мен байырғы Майя өркениетінің арасында өте үлкен байланыс бар. Сондай-ақ майялық­тар­дың күнтізбесі ғана емес сәуегейлігі, астрономиясы да бізбен бірдей. Олардан асқан математиктер бол­маған. Бес мың жыл бұрын «нөлді» алғаш рет пайдаланған да – солар. Соның барлығын тасқа басып, жазып кеткен. Бұғаз пайда болғаннан, кейін мәдени байланыстардың барлығы үзіліп қал­ған. Екі түрлі әлем болып қалдық» дейді Әділ ағамыз.

Ахметов мырзаның ойынша, біздің заманымыздың 668-1175 жыл­дары аралығында қазіргі Мексика жеріне лек-лек моңғолтектестер келіп қоныстанан. Олар негізінен Моңғолияның Толан деген аймағынан келген. Мұхиттың арғы жағынан өтіп келген соң әлгі моңғолтектестер жаңа мекендеріне өздерінің байырғы жер-су атауларын беріп, оларға Толан немесе Толы (Туле) деп атау берген.  Бұл аймақ Байкал көлі мен Толы өзенінің бойына орналасқандықтан Анауак, яғни Су бойы деп аталған екен. Әлгі өңірлер де мұхит пен теңіз айдындарына жақын орналасқандықтан, бұрынғыша Анауак болып аталып кеткен. «Кезінде қазіргі Мехико қаласының орнында да шалқар көл болған. Сол көлдің бойын жайлаған халық өздерін нахуатлактар деп атаған және олар о баста Ацтланнан, яғни жоғарыда аталған Атитлан көлінің маңынан келіп қоныстанғанын және 13 тайпа, 7 ру халық болғанын шежіре қылып айтып келген. Нахуа тілінде сөйлейтін халық өздерін нахуатлактар деп атаумен қатар Ацтланмен немесе Атитланмен байланыстырып, ацтектер деп те атап кеткен. Ацтектер демекші, егер олар о бас­та Алтайдан келіп қоныстанса, осыны дәлелдейтін лингвистикалық дерек бар ма, бар болса, олар қандай деген сұраудың жауабын іздер болсақ, мынадай дерек алдымыздан шығады. Мәселен, Eliseo B. Aragon және Rosario Maria Gutierrez есімді ғалымдардың қолымен жазылған нахуа тілінің сөздіктерін зерттегенімізде құрамында түркі тілдерінің бәріне де ортақ tepe (төбе) деген ацтектердің жүзден аса байырғы топонимдері мен олардың этимологиялық анықтамасын кездестірдік. Олар қазіргі Мексиканың оңтүстігінде орналасқан Веракруз, Гуерреро, Оахака және Чьяпас штаттарында өте жиі кездеседі. Ацтектердің Алтайдан шыққандығының әрі олардың түркі тектес халықтармен жақындығының тағы да бір дәлелі ацтек деген этнонимнің этимологиясынан анық байқалады. Ғалым И.Ф.Никоновтың пікірінше, әлгі атау а(к)цилан деген сөзден өрбіген. Ал ацтек тілінде ак деген сөз ақ, ал цилан деген сөз жылан деген ұғымдарды білдіреді. Алтай халықтары мен америкалық «үндістер­дің» туыстығын генетикалық зерттеулер де дәлелдеп отыр. Тұқым қуа­лаушылық қасиеті мен ДНК-сына дейін келеді. ДНК ұқсастығы 90 пайыз болып отыр. Сонымен қатар ең үлкен ұқсастық – «түркілік көк белгі» бала­лардың жам­басындағы көк дақ осы америкалық үндістерде де бар», - дейді ол.

Көк таңба демекші, Стюарт Фидель дейтін америкалық ғалымның «Егер біз Американың байырғы тұрғындарын әлемдегі басқа халықтармен салыстыратын бол­сақ, олардың ең алдымен Азия монғолтек­тес­теріне өте ұқсас екенін байқаймыз. Көзге ұрып тұрған ортақ ұқсастықты ең алдымен олардың қайратты түзу қара шаштарынан, сақал-мұрттары мен денеге бітетін түктерінің біршама сирек бо­латындығынан, қоңырқай түсте­рінен, қоңыр көз­дерінен, шығыңқы жақ сү­йектерінен және күрек тістерінен анық байқауға болады. Сосын Азияда да, Америкада да жергілікті халықтардың жас нәрестелерінің жам­бастарында ғылымда «моңғол дағы» деп аталатын көкшіл дақ болады» деп жазғаны тағы бар.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бір қызығы, ежелгі үндістер мен алтайлықтардың ұқсастығын  Американы ашты делінетін атышулы саяхатшы Америго Веспуччи де байқағанға ұқсайды. 1500 жылғы Америго Веспуччидің хаты делінетін бір құжатта «Олар (үндістерді айтады) қызыл күрең түсті, бірақ ұдайы күн көзіне жүрмесе реңдері басқаша да болуы ықтимал: олар жалпақ бетті келеді. Бұл тұрғыдан алғанда олар татарларға ұқсайды» деген дерек бар.

Бүркіт Нұрасыл