Отандасымыз Геннадий Головкиннің жапониялық боксшы Муратамен өткізген жекпе-жегі әлемдік және отандық БАҚ-тың басты тақырыбына айналды. Әсіресе, GGG-дің өзінің сүйікті шапанын қарсыласына жапқаны әлемжеліде қызу талқыланды. Осы ретте біз 7 жыл бұрын GGG-ге қазақы нақыштағы шапан тарту еткен отырарлық кәсіпкер Әбдімәжит Сыздықбекпен сұхбаттастық.
– Бір кездері Головкиннің британиялық боксшы Мартин Мюрреймен айқасына киіп шыққан ұлттық шапанды өзіңіз бастамашы болып тіктіртіп, Монакоға алып барған едіңіз. Жақында Гена сіз сыйға тартқан шапанды Риота Муратаға сыйлады. Сүйікті боксшыңызға келесі жекпе-жегіне дейін тағы бір шапан жабу ойыңызда бар ма?
– Рас айтасыз, Генаның әр кездесуін тағатсыздана күтіп жүретін жанкүйерлерінің бірімін. Оның Америкадағы үш кездесуіне қатыстым. Бір рет Давид Лемьемен айқасын көрдім. Екі рет Сауль Альверспен жекпе-жегін аренадан тамашаладым. Ал Мьюрреймен Монакодағы кездесуінде шапанымды ала бардым. Сол сыйлығымды Жапониядағы жекпе-жегінде Риотаға бергенін көріп, отандасымыздың жомарттығына тәнті болдым.
Негізі, Генамен тікелей араластығым жоқ. Егізі Максиммен ғана ара-тұра сөйлесіп тұрамын. О баста Головкин DAZN-мен алты кездесу ұйымдастыру туралы келісімшарт жасасқан. Қазір төртеуін өткізді. Ендігі қарсыласы «Канело» болады деп хабарланды. Мексикалық боксшы мамырдағы айқасында Биволды жеңсе, қос боксшы арасындағы трилогия қыркүйек айында өтуі тиіс. Одан кейін тағы бір жекпе-жекке шығады деп ойлаймын. Алла амандық берсе, Головкиннің алдағы екі кездесуіне де барғым келеді. Егер Альвареспен кездессе, тағы да шапан алып баруға тырысамын.
– Qazaquni.kz ұлттық порталына берген сұхбатыңызда Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Исламға да шапан сыйлайтыныңызды айтыпсыз. Ол жоспарыңыз жүзеге асты ма?
– Анығы, менен бір журналист солай сұрады. Әйтпесе, «Қанатқа шапан сыйлаймын» деп айтқан жоқпын. Оны журналистер бұрмалап жазып жіберген шығар. Қанаттың өзінің шапаны бар ғой. Ол әр кездесу сайын оны киіп шығып жүргенін де көріп жүрміз. Ал Головкин бұған дейін үстіне ұлттық шапан деп киіп жүргені қазақтың шапаны емес, өзбектің шапанына ұқсас болды. Сол үшін қазақтың шапанын сыйға тарттым.
– Құпия болмаса, сол шапанға тапсырыс беру үшін қанша қаражат жұмсадыңыз?
– Бағасы туралы айтпай-ақ қояйын. Бірақ арзанға түскен жоқ. Дайын шапан емес, қолөнер болған соң жоғары бағаланатыны белгілі ғой. Бастысы – шын ниетіммен сыйладым. Ол да осы күнге дейін сол шапанын үстінен тастаған емес.
Геннадийге шапан жабу идеясын ең бірінші үлкен ұлым Ғабитке айтқанмын. Ол да бұл ойымды қостады. Ал екінші ұлым Алмас Алматыдағы тігіншілерді іздеп жүріп, дизайнер-тігінші Бағдат Әлібаеваны тапты. Сол кісіге тапсырыс бердік. Ол жақында «Мың бір түн» бағдарламасына барғанда Геннадийге шапанды өзі сыйлағандай сөйлепті. Менің атымды атаған да жоқ. Бағдарламаның жүргізушілері де шапанды тіккен адамға зер салып, тапсырыс берген, сыйға тартқан адам туралы сұрауды ұмыт қалдырды. Осы жағына көңілім толмады. Жә, бастысы спортшының өзі, бокссүйер жанкүйерлер ұмытпаса болғаны.
– Головкиннен бөлек қазақстандық қай боксшының өнеріне жоғары баға бересіз?
– Елімізде Генаның деңгейіне жететін боксшы жоқ. Қазақтың боксшыларының ішінде Генаға біртабан жақын тұрғаны Жәнібек қана. Одан кейін Мейірім Нұрсұлтанов пен Садриддин Ахметов сияқты боксшылар еріп келеді. Садриддинді кішкентайынан танимын. Әуесқойды бастап жүрген кезінде Канадаға емес, Америкаға барғаның дұрыс деп айтқанмын. Қазір ұзақ уақыт шаршы алаңға шықпай кетті. Жалпы, Мейірім де, Садриддин де әлеуеті жоғары боксшылар. «Сүлеймен промоушен» компаниясында жүрген Евгений Павлов деген жас спортшының да жолына үмітпен қараймын. Қызылжарлық өреннен алдағы уақытта жақсы боксшы шығуы мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет!