Ақтөбеде жергілікті кәсіпкерді бопсалады деген төрт күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақтөбе облысының Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәсіпкер 12 сәуірінде ақша бопсалағаны туралы тәртіп сақшыларына айтып берген.
"48 жастағы ер адам хабарласып, белгісіз біреулер оның азық-түлік дүкенін өртеп жібереміз деп қорқытып ақша бопсалағанын айтты. Жәбірленушінің айтуынша, күдіктілер ай сайын 400 000 теңге төлеуді талап еткен. 100 000 теңге сомасында ақшаны аудару кезінде төрт күдікті ұсталды. Ұсталғандар кінәсін мойындады", - деді тәртіп сақшылары.
Қазіргі уақытта осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі "Бопсалау" бойынша соталды тергеу амалдары басталған. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бап санкциясында айыпталушылардың мүлкі тәркіленіп, үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.