$ 444.14  477.05  4.85

Таразда әкімдік ғимаратын жөндеуге бөлінген қаржы қалай бөліске түсті?

«Қаңтар қырғыны» кезінде өртеніп, жоғарғы қабаттары бүлінген әкімдік ғимаратын жөндеуге 1,2 млрд теңге жұмсалмақ.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

«Қаңтар қырғыны» кезінде өртеніп, жоғарғы қабаттары бүлінген әкімдік ғимаратын жөндеуге 1,2 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл туралы Мият Кәшібай телаграм арнасында хабарлайды.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы мемсатып алу порталында екі келісімшарт жасасты.

Біріншісі – 16 наурыз күні жасалған 1 млрд, 176 млн теңгелік келісімшарт. Тапсырыс орындаушы компания – «Интеллект Азия» ЖШС. Келісшартқа сәйкес, аталған жеке компания әкімдік ғимаратын жыл аяғына дейін жөндеп бітіруге тиіс.

Келісімшарт «тікелей бір көзден сатып алу» тәсілі арқылы жасалған. Яғни, әкім аппаратының шаруашылық басқармасы тендер жеңімпазын анықтау үшін ашық конкурс өткізбеген.

Әділет министрлігінің дерегінше, «Интеллект Азия» ЖШС – Тараз қаласында тіркелген компания. Басшысы әрі құрылтайшысы – Біржан Жорабеков деген адам. Мемсатып алу порталындағы мәліметке қарағанда, компания 2018 жылдан бері Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты мемекелерден 11 мемтапсырыс алған. Орындаған және орындап жатқан тапсырыстарына қарағанда, компания негізінен су және кәріз құбырын тартумен айналысады.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы әкімдік ғимаратын жөндеуге байланысты жасасқан екінші келісімшарт құны – 35,5 млн теңге. Тапсырыс орындаушы компания – Technadzor Elite ЖШС. Келісімшартқа сәйкес, аталған компания  «Интеллект Азия» ЖШС-нің жұмысына техникалық қадағалау жасайды.

Әділет министрлігінің дерегінше, Technadzor Elite – 2021 жылы 22 желтоқсанда құрылған компания. Мемлекетке әлі бір тиын да салық төлеген емес. Құрылған кезін және әлі пайда таппағанын ескерсек, бұл компанияны тәжірибесіз деуге негіз бар. Бірақ соған қарамастан, компания құрылғанына үш-ақ ай толғанда, яғни, наурыз айында Жамбыл облысы әкімдіген 35,5 млн теңгелік мемтапсырысты конкурссыз алды.

Бұл компанияның екі құрылтайшысы бар. Олар – Анапия Бозжігітов пен Рахманқұл Байталиев. Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, Байталиев 2010-2016 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарған. Жамбыл облысы әкімі аппаратының шаруашылық басқармасы әкімдіктің бұрынғы қызметкерінің тәжірибесіз компаниясына 35,5 млн теңгелік мемтапсырысты конкурссыз берген.

Жалпы, әкімдік ғимаратын жөндеуге 1,2 млрд теңге бөлінгенің өзі күмәнді. Өйткені, интернеттегі фотоларға қарағанда, «Қаңтар қырғыны» кезінде, әкімдік ғимаратының кейбір тұсы ғана өртенген. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 1,2 млрд теңгеге 180 орындық екі мектеп немессе 300 орындық бір мектеп салуға болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары