$ 494.87  520.65  4.91

Павлодардағы мектептің өртенуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды

Мектептен 576 адам, оның ішінде 551 бала эвакуацияланды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Ерлан Төрегелдиев Павлодардағы мектеп өртінің неден шығуы мүмкінін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кешегі өрт фактісі бойынша материалдар әзірге тексеріліп жатыр. Өрттің алдын-ала себебі - электр құралдарын, яғни стандартқа сай келмейтін электр ұзартқыштарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы. Бұл алдын-ала болжам ғана. Аталған өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді Е. Төрегелдиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Республиканың барлық мектептерін тексеру жөнінде спикер жоспардан тыс тексеру жоспарланбағанын атап өтті. Өйткені сын-қатер дәрежесін бағалау критерийлеріне сәйкес, барлық білім беру нысандары ақпан-мамыр аралығында тексеріледі.

«Қазіргі уақытта барлық білім беру нысандарының аумағына, қабатына қарамастан жоспарлы тексерулер жүріп жатыр. Яғни барлық объектілер жоғары сын-қатер дәрежесіне жатады, сондықтан олар жиі тексеріледі. Бірінші жартыжылдыққа шамамен 8 мың нысан жоспарланған, олардың жартысынан көбі тексерілді. Мамыр айының соңы мен маусымның басында барлық тексерулердің нәтижесі халыққа жеткізіледі деп айтуға болады», - деді ТЖМ өкілі. 

Дегенмен, басқарма басшысы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылықтар бар екенін жеткізді. «Бірақ бұл әдетте стандартты бұзушылықтар - эвакуациялық шығу жолдарының жабылуы, жолдардың бітелуі, ақаулы электр жабдықтары және басқалары. Анықталған бұзушылықтар бойынша білім беру нысандарының басшыларына нұсқама беріледі, оларды жою мерзімдері бекітіледі, оларды орындамағаны үшін жауапкершілік көрсетіледі. Оқу жылының басталуына дейін ұйғарым алған барлық білім беру нысандары бақыланатын болады»,- деді Е. Төрегелдиев. 

Еске сала кетсек,  Павлодардағы №28 мектептің 200 шаршы метр аумағы өртеніп кетті. Мектептен 576 адам, оның ішінде 551 бала эвакуацияланды.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары