$ 494.87  520.65  4.91

Ақордада Тоқаевтың атынан ауызашар берілді

Президент елімізге татулық пен тыныштық тіледі.

Президент Рамазан айында арнайы дастарқан жайып, ауызашар берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауым алдында сөйлеген сөзінде бұл игі дәстүрдің халықты береке-бірлікке шақыратынын атап өтті. Мемлекет басшысы әділетті қоғам құрудың маңыздылығына тоқталды.  

– Жақын арада Конституциямызды өзгертетін болдық. Бірақ, ең алдымен, жұртымыздың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Алдымызда көптеген түйткілдер бар, сондықтан бәріміз жұмыла еңбек етуіміз керек. Ең бастысы, ниетіміз таза, пейіліміз түзу болуға тиіс. Бір-бірімізге жанашырлық танытуымыз керек. Қазір бүкіл адамзатқа дәл осындай қасиеттер жетіспей жатыр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға дұрыс бағыт-бағдар берілуі керек екенін, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл жастар ғана келешектің иесі болатынын ерекше атап өтті. Президенттің пікірінше, жастарымыздың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, қазіргі заманның ғылым-білімін игеруі айрықша маңызды.

Мемлекет басшысы ислам дінінің өркениет құндылықтарын, бейбітшілік ұғымдарын насихаттайтынын атап өтті.

– Жұртымыз қашанда бейбіт өмірді бағалай білген. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз. Ол үшін елімізге береке-бірлік, өзара түсіністік қажет. Ислам адамдарды бөлінуге емес, бірлікке шақырады. Имандылық – ең асыл қасиет. Сондықтан, дәстүрлі дініміз ұрпақ тәрбиесінің өзегі болуы керек. Ұрпаққа осындай өнегелі тәрбие беру – бәріміздің ортақ міндетіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елімізге татулық пен тыныштық тіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары