Түлкібас ауданындағы Шұбайқызыл шоқысы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген Грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ саналады. Алайда, соңғы кезде табиғат жанашырлары осы гүлдердің жойылып кету қаупі барын айтып, дабыл қаға бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жергілікті экскурсия жетекшісі Рүстем Егембердиев Шұбайқызыл шоқысындағы қызғалдақтың биылғы көлемі былтырғымен салыстыруға да келмейтіндігін айтады. «Соңғы жылдары фестиваль деген нәрсені көбейтіп жіберді жергілікті билік. Өкінішке орай, бұл - жақсы нәрсе емес. Бір күнде 3-4 мың адамды осында алып келіп, әртүрлі іс-шаралар өткізіп, өзіміз таптап болдық бұл жерді. Біздің халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігі де бар. Шетелдік туристермен жүргенде байқайсың, олар табиғатқа зиянын тигізбейді. Мәдениеттері өте жоғары. Осы аптада бұл жерге америкалық жанұямен келдім. Олар суретке түсіп, тарихын тыңдап, қызықты. Сол кезде біздің жерлестер пикник жасап отырды. Алашаларын төсеп, тамақ ішіп. Самаурын тасып жүргендерді де көрдік» , - дейді ол.
Аумағы 61 гектарды алып жатқан Шұбайқызыл шоқысында әлемде өте сирек кездесетін Грейг, Кауфман атты жауһазындар гүл ашады. Бұл төбешік алыстан қызарып тұратындықтан, жергілікті халық «Қызыл төбе» деп те атап кеткен. Жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар көктем келіп, тіршілік жаңарған шақта осы алқапта қызыл кілем болып жайылады. Қызғалдақпен көмкерілген төбешік Табиғат-ананың адам баласына мейірімі түсіп, құшақ жайып тұрғандай әсер қалдырады. Жабайы өсіп тұрған гүл алқабына қызығатын шетелдік саяхатшылар қатары да жылдан-жылға артып келеді. Алайда, соңғы кезде жауқазынды тамырымен жұлатындар жиілеп кеткен. Табиғат жанашырларының айтуынша, жазиралы өлкедегі ерекше өсімдіктерді сақтап қала алмасақ, болашақ ұрпақ Грейг қызғалдағын тек теледидардан көріп, кітаптан ғана оқитын болады. Себебі, қызғалдақты жұлса, ол 7-10 жылға дейін өспей қалады. Табиғат қорғаушылар болса, барлығын тек қана адамдар бүлдіріп жатыр деуге келмейтіндігін алға тартады. Жауқазындардың жылдан-жылға сиреп кетуіне табиғаттың өзгеруінің де әсері тиеді. Көктем жаңбырлы, ауа райы қолайлы болса, қызғалдақтар да көптеп гүл ашады деген пікірде.
«Биылғы жылы Грейг қызғалдақтарының сабақтары қысқа, сирек шыққан. Гүл ашуы да өте нашарлау. Мұның барлығы жауын-шашынның болмауына байланысты деп есептеп отырмыз. Алдағы уақытта «Сайрам-Өгем» ҰТП-нің ғылым бөлімінен мамандар келіп, осы жердің топырағын, гүлдерін тексеріп, сараптама жасайды» , - дейді «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі Түлкібас филиалының директоры Ұласбек Кенбаев. Мамандардың айтуынша, Грейг қызғалдағы - көктемде гүлдейтін өсімдіктердің ішіндегі ең әдемісі. Бұл өсімдік топырақ пен ауаның қолайсыз жағдайына да өте төзімді. Тіпті қарсыз қыстағы -40 градусқа жететін сақылдаған сары аязда, жаздың шіліңгір аптап ыстығында, жердің қызуы 50 градусқа дейін барып, 1-2 метр тереңдікке дейін су болмай қалған жағдайда да өсе береді. Дала гүлі дауылға да төтеп беруге бейімделген. Сонымен қатар, Грейг қызғалдағын «Жауқазындар королі» деп те атайды. Бұл гүлдер Қаратау, Алатаумен шектесіп жатқан Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда кездеседі. Ең көп шоғырланған жері осы - Шұбайқызыл шоқысы. Бокал тәрізді гүлінің ұзындығы 8 см дейін жетеді. Жапырақтары да ірі келеді. Экологтар «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақты жұлғандар заң жүзінде қатаң жазаланатынын еске салады. Атап айтқанда, 9 млн теңге айыппұл төлейді немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
«Басқа ешбір мемлекетте табиғи қызғалдақтың 25-тен аса түрі кездеспейді. Қызғалдақтың түп атасы бізде деп есептеледі. Қызғалдақ Түркістан облысында наурыз айынан бастап гүлдесе, солтүстік облыстарда мамыр айының ортасына дейін созылады. Далаға қызыл кілем төсеп тастағандай әсер қалдыратын қызғалдақ маусымында әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келсе болады. Халық қызғалдақты ұлттық байлық деп қарауы керек. «Бір қызғалдаққа бола 9 млн теңгеден аса айыппұл төлейміз ба?» немесе «Үш жылға дейін соттап жіберуге бола ма адамды гүлге бола?» деп жатады. Оны ғалымдар бекерден-бекер «Қызыл кітапқа» енгізбеген. Сол себепті, біз мұндай байлығымызды болашақ ұрпаққа сақтап қалуымыз қажет» , - дейді «Сырдария-Түркістан» МӨТП ғылыми қызметкері Ғани Назарбек.
Биылдан бастап қызғалдақ көп өсетін Шұбайқызыл шоқысы «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің құрамына енді. Түлкібас ауданы әкімдігінің атсалысуымен 61 гектар жер енді арнайы инспекторлардың бақылауына алынды. Табиғат жанашырларының дала жақұтына айналған жауқазындар өсетін оңтүстіктегі басқа да жерлер мемлекет қарауына алынса деген тілегі бар. Айта кетейік, Шымкентте Наурыз мейрамында 400 дана қызғалдақ таратылған еді.