Жұмыссыздық – мемлекет алдында тұрған өзектілігін жоғалтпаған мәселелердің бірі. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында да бұл мәселе қамтылған. Ұлттық жоба аясында аталған проблеманың Қарағанды облысында қалай шешіліп жатқаны туралы Skifnews.kz ақпарат порталының бүгінгі шолуында баяндаймыз.
Қарағанды облысында 2022 жылдың алғашқы тоқсанында 6058 тұрғын жұмысқа орналастырылған. Аймақтағы жұмыссыздық көрсеткіші 4,5%-ды құрап отыр. Бұл республика бойынша жалпы көрсеткіштен (4,9 %) аз. Алғашқы тоқсанда аймақтың жұмыспен қамту орталығына 7136 адам жұмыс іздеп келген.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жбасы шеңберінде 6058 тұрғын жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде 3,3 мың адам бос жұмыс орындарына жолдама алған.
«294 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2310 тұрғын қоғамдық жұмыстарға жұмыспен қамтылған. Аймақтың 118 азаматы жастар практикасынан өту мүмкіндігін пайдаланған. 2 жас маман «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында шеберлігін арттыруға мүмкіндік алды. 20 тұрғын «Бірінші жұмыс орны» жобасы шеңберінде жұмыспен қамтылды. 29 жастан аспаған жастар ғана аталған бағдарламамен жұмысқа тұра алады. Мәселен, жұмыс тәжірибесі жоқ оқуын енді аяқтаған түлектер, жұмыспен қамту орталығында тіркелмегеніне я болмаса тіркелгеніне қарамастан жұмыссыз деп танылған жастар, солардың арасында NEET санатындағы жастар», – деді Қарағанды облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.
Сонымен қатар, аймақта «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл бағдарлама зейнет жасына толған жұмыс істеп жүрген азаматты кейінен алмастыратын дас маманды жұмысқа орналастыруға бағытталып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2022 жылғы қаңтар айынан бастап «Бірінші жұмыс орны» мен «Жастар тәжірибесі» жобаларына қатысу мерзімі мен жалақы көлемі көтерілді. «Жастар практикасы» бағдарламасы жарты жылдан бір жылға шейін ұзартылып, еңбекақысы 30 айлық есептік көрсеткішті, яғни 91 890 теңгені құрады. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 30 АЕК еңбекақысымен бір жылдан 18 айға шейін жұмысқа тұруға кепілдік беріледі.
Зейнет жасына жақындаған жұмыссыз азаматтарға «Күміс жас» жаңа бағдарламасы әзірленген болатын. Ағымдағы жылы бұл бағдарламаны 534 тұрғын пайдаланған. Айта кетейік, еңбекақыны мемлекетіміз жыл бойына субсидиялайды. Ай сайынғы субсидияның көлемі – белгіленген еңбекақының жартысы. Алайда міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмай қалған еңбек демалыстарын, салықтарды, банктік қызметтерге алынатын төлемақыларды есепке алғанда 30 АЕК-тен аспайтын болады.
«Күміс жас» жобасына зейнеткерлікке шығуға жақындаған азаматтар қатыса алады.Бұл бағдарлама бойынша зейнет жасына шығуына 2 жыл қалған адамдар уақытша жұмысқа орналастырылады. «Күміс жас» жобасына бір жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан, салық пен өзге де әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде аударатын, сонымен қатар еңбекақы бойынша қарызы жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар, ұйымдар қатыса алады.
Қазіргі таңда жұмыс берушілер және зейнетке шығуына жақын қалған адамдарды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жобаның жүзеге асырылуы республикалық бюджеттен қаржыландыруға байланысты басталады. Жұмыссыз жүрген тұлғалардың жұмысқа орналасуына көмектесудің қарқынды шаралары мен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің кәсіпкерлік белсенділігін арттыру жайлы мәлімет алу үшін аймақта жылжымалы мобильді жұмыспен қамту пунктілері қызмет көрсетіп тұр, - деді Әсем Жүніспекова.
Жылжымалы жұмысқа орналастыру орталығын тұрғындар мобильді жұмысқа орналастыру пункті деп атап кеткен. Бұл орталық әрбір тоқсанда Қарағанды облысының алыс ауыл-аймақтарын аралап өтеді. Жылжымалы пунктінің мамандары азаматтарға қандай бос жұмыс орындары барын айтып, сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар арқылы өзінің жеке кәсібін қалай аша алатыныны түсіндіреді.
«Әрбір қалада, аудандар мен ауылдарда Жұмыспен қамту орталықтарының жанынан мобильді пунктілер ашылған. Бұл пунктілер өздерінің белгіленген кестелері бойынша жақын жердегі, сондай-ақ алыс ауылдарға барып келеді.Олар тұрғындарға жұмысқа орналастыру бойынша мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарламалар, жобалар жайлы мәлімет береді. Сонымен қатар, барлық жерде жұмыссыздарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіледі. Аталған шаралардың өзгешелігі – жұмыссыз жүрген азаматтардың бізге келуін күтіп отырмаймыз, керісінше жұмыссыздарға жұмысты өзіміз ұсынатын боламыз», - деді Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Жаңа Қазақстанды» құрудың басты қадамы ең алдымен кедейшілікті, жұмыссыздықты жойып, халықтың әл-ауқатын жақсартудан бастау алуы керек.Үкіметке осы мәселені шешу үшін тапсырма берген Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саланы қайта жаңғыртуды талап еткен болатын. Ұлттық жобалардың тиімділігі жұмыссыз қалмауға кепіл болмақ.