"Қазпошта" АҚ Жаңа жылға жаңа жоба ұсынып отыр. "Несиелік демалыстар" деп аталатын акция несиесі бар тұрғындарға айтарлықтай көмек беруі мүмкін. Яғни жоба жеңімпазының бір жылдық несиелік төлемдерін компания өз мойнына алады. Бұл туралы "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин хабарлап отыр.
"SALEM ONLINE жүйесі арқылы кез келген несиені төле де несиелік каникулды жеңіп ал! Бір жыл бойы ешқандай төлем жасамайсыз. 12 ай бойы сіздер үшін несиені "Қазпошта" АҚ төлейді", - деп жазды Мусин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Акцияға қатысу үшін кез келген несиені www.post.kz/salem сайтындағы Salem Online қызмет көрсету жүйесі арқылы 4 қараша мен 29 желтоқсан аралығында төлеу керек. Ал, акция жеңімпазы 30 желтоқсанда тікелей эфирде анықталатын болады.
Басқарма төрағасы сондай-ақ, маңызды екі мәселеге де назар аудару керектігін айтып отыр.
"Акцияға "Қазпошта" қызметкерлері қатыстырылмайды. Сонымен қатар, несиелік төлемінің ай сайынғы көлемін және кестесін өзгерткен Post.kz қолданушылары да бұл акциядан шеттетіледі", - деді Б.Мусин.