ЖШС қызметкерлеріне республикадағы орташадан жалақыдан жоғары айлық төленеді. Елордада жеңіл рельсті жол құрылысынан бас тарту туралы шешім қабылданғанымен, бұл мақсатта құрылған "LRT Construction Directorate" ЖШС жұмысын жалғастыруда, деп жазды inbusiness.kz.
Компанияның қаржылық еснбіне сүйенсек, шығындар құрылымындағы ең үлкен үлесті (65%) еңбекақы алады. Өткен жылы бұл мақсаттарға 145,8 млн теңге жұмсалды. 2021 жылы орташа есеппен 40 адамға айлық төленген. Сөйтіп, бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 300 мың теңгені құраған екен.
Еске сала кетсек, бұл ЖШС Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен (оның 100 пайыз қатысуымен) құрылған болатын.
Жарғыға сәйкес серіктестіктің негізгі қызметі жобаларды басқару бойынша консалтингтік қызметтер көрсету болып табылады. Серіктестік өз қызметін LRT жобасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенге дейін жүзеге асырады. Кірістің негізгі бөлігі осы ЖШС, CTS және China Railway Asia – Europe Construction Investment Co арасындағы үш жақты келісімге сәйкес қызметтерді көрсету есебінен қалыптасады.
Өткен жылы негізгі қызметтен түскен кіріс 224 млн теңгені құрады. Оның 145,8 млн теңгесі қызметкерлердің жалақысына, 35 млн-ы үй-жайды жалға алуға, 9,8 млн теңгесі көліктерді жалға алуға кеткен. Бас директордың міндетін атқарушы – Бақыт Қарсақбаев.
Қаржылық есептілікке 2022 жылдың 27 наурызында қол қойылды.
Айта кететіні, қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атышулы жобаның қайта қаралатынын мәлімдеген болатын.
"Көпшілікті, әсіресе елорда тұрғындарын ашуландыратын тағы бір мәселе – ЛРТ құрылысы болып отыр. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба. Енді оңтайлы шешім қабылдау қажет. Себебі оны жай ғана бұза салу уақыт пен ақшаны жоғалтуды білдіреді. Демек, отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді шақырып, жобаны іске асырудың ықтимал нұсқаларын анықтаудан басқа жол жоқ", – деді Президент.
Шешім қабылданғаннан кейін бұл “ЖШС жұмысын жалғастыру керек пе?” деген сауалдар туындайды.
Алайда, компанияның қаржылық есебінде бұл туралы ештеңе жазылмаған.