18.11.2016, 09:40

ОҚО: Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында шаруашылық жайы пысықталды

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті мәжілісі өтті. Облыста соңғы екі жылда ірі қара мал саны 35 мыңға артып 865 мың басты құрағанын, қой-ешкі 155 мыңнан 3 млн 893 мыңға өскенін, ал жылқы 16 мыңға артып 230 мыңға жеткен.

Күн тәртібінде мал шаруашылығын, мәдениет саласын, туризмді дамыту мәселелері мен перспективаларын, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жайы мен коммуналдық меншіктің сақталуы және пайдалануын бақылау сынды 5 мәселе қаралды.

Жиында жоғарыда аталған бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков мал шаруашылығы бойынша соңғы екі жылда ірі қара мал саны 35 мыңға артып 865 мың басты құрағанын, қой-ешкі 155 мыңнан 3 млн 893 мыңға өскенін, ал жылқы 16 мыңға артып 230 мыңға жеткенін айтты.

Сонымен қатар, ол мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті. Мәселен, ет өндіру 111,4%-ға, сүт өндіру – 104,8%-ға, жұмыртқа өндіру – 112,1%-ға, жүн өндіру 110,1%-ға артқан.

«Осы бағыттағы ең басты мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Табиғаты қолайлы өңір бола тұра, біз 25 жылда ішкі нарықты мал шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай келеміз. Бізде шығарылатын өнімдер бәсекеге кабілеті төмен, сондықтан басқа облыстарды былай қойғанда, біздің тұтынушылар шет елдің өнімдерін сатып алуға мәжбүр», - деді Ж.Түймебаев.