Кеше АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы АҚШ билігінің Киевке, соның ішінде әскерилерге қосымша көмек көрсету мақсатында Ресей Федерациясына қатысы бар кейбір активтерді сатуды және тәркілеуді көздейтін заң шығару бастамасын мақұлдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл заң жобасын 417 конгресмен қолдаса, сегізі қарсы шықты. Аталған бастама бойынша АҚШ президенті «қаржысы Ресей билігімен байланысы болуы мүмкін ішінара сыбайлас жемқорлық арқылы алынған шетелдіктердің активтерін Құрама Штаттардың юрисдикциясымен тәркілеу және тыйым салу үшін конституцияда көзделген барлық шараны қабылдауы» керек. Сонымен қатар, бұл Ресей билігіне қолдау көрсету арқылы меншіктелген активтерге де қатысты болмақ.
Құжатта бұл шаралардың ресейлік энергетикалық компанияларға тиесілі активтерді қоса алғанда, құны 2 миллион АҚШ долларлық немесе одан да көп активтерге қатысты қабылдануы тиіс екені айтылған.
«Активтер сатылуы керек, ал түскен қаражат Украинаны қалпына келтіруге, оған әскери және гуманитарлық көмек көрсетуге, украиндықтардың басқа елдерге қоныс аударуына көмектесуге жұмсалуы керек. Сонымен қатар, бұл қаражатты «гуманитарлық көмек пен орыс халқының дамуына, оның ішінде демократия саласындағы, адам құқықтары саласындағы бағдарламаларға және олардың мониторингіне көмек көрсетуге» пайдалану мүмкіндігі қарастырылған», - делінген құжатта.
Бұған қоса, бастама АҚШ билігіне ресейлік заң шығарушыларға қарсы қосымша санкциялар енгізу мүмкіндігін қарастырады.