Еліміздің прокурорлары 49 ірі кәсіпорынды тексерді. Нәтижесінде зиянды еңбек жағдайлары үшін қызметкерлерге өтемақы төленбейтіні анықталды. Қорғаныс құралдары мен азық-түлікпен қамтамасыз етпеудің 2 мыңнан астам фактісі анықталды. Жұмыс берушілер қызметкерлерді оқыту, міндетті нұсқалық беру, сақтандыру және медициналық тексеруден өткізу шараларын жасамаған (5 мыңнан астам қызметкер), деп хабарлады Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Сапарбек Нұрпейісов, деп жазды inbusiness.kz.
Өрт, өндірістік және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласында 6,5 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Бұл өрт дабылдары мен желдету, электр қалқандары, гидранттар мен өрт сөндіргіштердің жоқтығы және т.б. “Мысалы, "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС-нің шахталарында шатырды басқару бекіткіштері болмасада жұмыстар тоқтамай, жүргізіле берген. Кез келген сәтте кеншілер тау жыныстарының астында қалуы мүмкін. Оқыс оқиғалардың 60%-ы осы бұзушылықтармен байланысты”, – деді Сапарбек Нұрпейісов.
Сонымен қатар, тексеру барысында қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін 1,5 мыңнан астам технологиялық жабдықтың ақауы анықталды, 50-інің жұмысы толығымен тоқтатылды (оларда 2,5 мыңнан астам жұмысшы бар). Азаматтардың еңбек құқығын елемейтіндер қатарында "Қазцинк", "Қазхром", "Қазфосфат", "Аралтұз", "Қазақмыс" және "Өзенмұнайгаз" компаниялары бар. “Сондай-ақ, жекелеген жұмыс берушілер еңбекті қорғау саласындағы жағдайларды, атап айтқанда, өндірісте жарақаттануын және жұмысшылардың өлімін жасыратын заңсыз әрекеттері де қиындатып отыр. Тексеріс барысында осындай 40-тан астам жағдай анықталды”, – деді Сапарбек Нұрпейісов.
Жалпы тексеру нәтижесінде 69 қадағалау актісі жасалып, 226 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокурорлардың актілері бойынша 30 мың жұмысшының жалақысына үстемеақы тағайындалды, 600-ден астам жұмысшыға өтемақы төленді, кезең-кезеңімен қорғаныс құралдарымен және арнайы тамақпен қамтамасыз ету басталды, 22 техниканың жұмысы тоқтатылды.