$ 444.22  476.38  4.82

Алматы облысында балабақшаны нәжіс суы басып қалды

Ол былтырда да солай кірген. Биыл ерекше болып жатыр. Қыста да мына жер мұз болады. Тайғанап, ата-аналар жүре алмайды.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Алматы облысы Көксай елдімекеніндегі бөбекжай тәрбиешілері мен тұрғындары кәріз құдығынан тасыған сасық судан әбден шаршаған. Өйткені апта сайын аумақты басып қалатын лас су осы жолы мектепке дейінгі мекеменің ішіне де кірген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Балабақша жабылып, таңертең бүлдіршіндерін жетектеп келген ата-аналарға кері қайтуына тура келіпті. Ал коммуналшылар апаттың қайталана беруіне сапасыз орнатылған сорғыларды сылтауратып, оны жөндеуден өздері де жалыққан.      

Мекеме қызметкерлері балаларды ата-анасымен бірге таңертең-ақ кері қайтарып жіберіпті. Өйткені кәріз құбырынан тасыған су нысанның ауласына дейін жайылған екен. Артынша қолқаны қабатын иістен жұмыс істеу мүмкін болмай қалды дейді тәрбиешілер. Түннен бері жол бойынан ағып келген кәріз суы арыққа толып қалған. Күн ысыған сайын жан-жақты жағымсыз иіс жайлайтынын айтқан қызметкерлер нәжіс тазалаудан шаршадық деп отыр. 

«Ол былтырда да солай кірген. Биыл ерекше болып жатыр. Қыста да мына жер мұз болады. Тайғанап, ата-аналар жүре алмайды. Иіс деген адам төзгісіз, жаман арам судің иісі, өздеріңіз білесіздер. Қазір күн жылынды. Далада балаларымыз ойнауы керек. Есіктің алдында ойнатуымыз керек. Соған ешқандай жағдай жоқ. Сол үшін бүгін балабақшамыз бала қабылдай алмай қалды», – дейді «Періште» балабақшасының қызметкері Мәрия Қалдыбекова.

Жақын маңдағы тұрғындар да бұл тауқыметті екі жылдан бері тартып келеді. Апта сайын жарылатын құбырдың кесірінен көшеміз құрғамайтын болды деп қапалы. Құдықтардың жабылуын талап етуде.

«Мына нәжіс айына төрт рет ағатын болды. Жөндейміз дейді. Жөндейді, ертеңіне қайта жүгіреміз, шақырамыз. Канализацияны дұрыс жүргізбеген. Пластмасса құбыр. Ары қарай Қалқаман жаққа кетеді. Жапсын. Қай жаққа боқ, сідік жібереді, өздері білсін. Дүкенге адам кіре алмай жатыр», – дейді Алматы облысының тұрғыны Нақышбай Әуелов.

Әкімдіктегілер үнемі қайталанатын жағдайдан хабардар болып шықты. Айтуларынша, көшенің төменгі жағында сорғы бекеті орналасқан. Сонда Теректі ауылынан шыққан кәріз су жиналып көшенің бойымен қалаға қарай ағып өтетін көрінеді. Бірақ сорғы бұзыла беретіндіктен лас су арнасынан тасып, сай саланы басып жатады.

«Кешегі күні сағат тоғызда сорғының автоматикасы өшіп қалды. Қазір Алматы қаласы Алматы су мекемесімен бірігіп мамандар жіберіліп, Сорғы стансиясында автоматика қалпына келтіріліп жатыр. Егер де автоматика жүйесі қалпына келтірілмеген жағдайда оның басқа түріне ауыстырамыз», – дейді Қарасай ауданы ТКШ Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Ескендір Егеубек.

Қарасай ауданына қарайтын сорғы бекетін алдағы уақытта қалаға өткізу жағын да қолға алыпты. Ал бөбекжай толық тазаланбайынша, ата-аналар балаларымен үйде отырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары