Халықпен кездесуге келген Алматы қаласының әкімі Ерболат Досевтан 80-нен асқан қария шөбересінің тұсауын кесуді өтінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаевпен ұлттық дәстүр - тұсаукесер өткізді. Аудан тұрғындарының бірі Серік Қармысбаев кездесу кезінде шөбересінің тұсауын кесіп беруді өтінді”, – деп жазды қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасы.
Қала әкімі аудан тұрғынының өтінішіне келісімін беріп, бүлдіршіннің тұсауын кесті. Содан соң ақсақал бата беріп, балаға еліміздің лайықты азаматы болуды тіледі.
Алайда әлеуметтік желі қолданушылары әкімнің бұл әрекетін біраз сынға алып жатыр.
Солардың бірі, белгілі саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт бұл жәйтті орынсыз деп қабылдапты.
“Келесіде Алматы әкімдігіндегі креативщиктер Е.Досаевтың халықпен кездесуінде "сүндетке отырғызу" рәсімін ұйымдастырып жүрмесін деп тілейік”, – деп жазды ол.
Желі қолданушыларының көбі бұл әрекетті әдет болып қалған жағымпаздыққа балады.
“Осындайдан басталады. Мұны да бір жағымпаздар ұйымдастырды ғой”. “Той болып кеткенбе?! Жағsмпаздық қанға сіңіп кеткенский”. “Арзан сасық пиар”. “Одан да қаланың қақ ортасында ойқыш-ойқыш жолдар мен қараңғы көшелерді реттесе ғой. Әй қайдам, өзіміз сайламаған әкім сауықшыл келеді екен ғой”, – деген секілді түрлі пікірлер жазылып жатыр.