Шымкентте жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция полкінің 4-рота командирі полиция майоры К. Әлімханов ұсталды, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Антикор мәліметіне сілтеме жасап.
"Қызмет бабындағы қамқорлығы үшін қарамағындағы қызметкерлерден 178 мың теңге мөлшерінде пара алғаны үшін Шымкент қаласы жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция полкінің 4-рота командирі полиция майоры К. Әлімханов ұсталды. Әлімханов жалпы қамқорлығы үшін өз қызметкерлерінен 2021 жылдың мамырынан 2022 жылдың сәуіріне дейін полк басшылығына ай сайын пара алған деректері анықталды", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, Әлімханов қол астындағылардан жүйелі түрде пара алғаны анықталған.
"Әлімханов автокөлік құралын мас күйде жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпай рота инспекторларымен алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобынан 130 мың теңге сомасында пара алған дерегі тіркелді. Сондай-ақ, Әлімханов заңда көзделген демалыс күндерін бергені үшін қоластындағылардан 2 мың теңге мөлшерінде жүйелі түрде пара алғаны анықталды", - делінген хабарламада.
Сот Әлімхановқа қатысты "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған. Тергеу жалғасып жатыр.
Өзге ақпарат ҚР ҚПК-ның 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.