11.12.2016, 05:01

Түркияда қаралы күн жарияланды

Стамбұлда кеше түнде орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін елде қаралы күн жарияланды деп хабарлайды Anadolu ақпараттық агенттігі. Мұндай бұйрыққа бүгін ел премьері Бинали Йылдырым қол қойған.

Алдағы бір тәулік бойы мемлекет аумағындағы тулардың барлығы түсірілетін болады.

Естеріңізге салайық, кеше Астана уақытымен түнгі сағат 01:30 шамасында Стамбұл қаласында ірі екі жарылыс орын алды. Алдымен көлікке тиелген жарылғыш зат іске қосылса, араға 45 секунд салып жанкешті содыр өзін жарып жіберген. Салдарынан 29 адам қаза тапты. Олардың 27-сі полицейлер. Тағы 166 адам жараланған.

Айта кетейік, теракт "Бешикташ" - "Бурсаспор" футбол командалары арасындағы ойыннан кейін Vodafone Arena стадионының маңында орын алып отыр.

Лаңкестікке байланысты полицейлер 10 адамды ұстады. Ел президенті Реджеп Тайып Ердоған қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, лаңкестіктің артында тұрғандарды қатаң жазалауға уәде берді.