Елордадағы балабақшалардың бірінде төрт жасар қыз баланы қараңғы спортзалға күштеп қамап қойған жағдайдан кейін бірнеше қызметкер жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Оның есікті қағып, қалай жылағанын балалардың бәрі естіді... Менің баламды ешкім аяған жоқ, оның қандай психикалық күйде болғанына қарамастан, ешкім аямады", - дейді қыздың анасы Айнұр Әбдірахманова.
Әйелдің сөзінше, баланы спортзалға дене шынықтыру мұғалімі қамап қойған. Қыз жылағанымен, оған ешкім көмектеспеген көрінеді. Келіншек қазір ұзақ емделу мен оңалтудан кейін баласының невропатологта есепте тұрғанын айтады. Оның сөзінше, мұны балабақша қызметкерлері де білген. Бұл шу қалалық білім басқармасына да жеткен. Ведомство бейнебақылау камерасынадағы видеоны зерттеп, балаға дөрекілік танытылғанын мойындап отыр. Нәтижесінде әдіскер, топ тәрбиешісі мен дене шынықтыру мұғалімін бап бойынша жұмыстан шығарған.