Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының концепциясы шеңберінде заңнамалық актілерге және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, адамдарды қосудың және одан шығарудың нақты тетіктерін айқындай отырып, жүйеге сыбайлас жемқорлық жасаушылардың жария тізімін енгізу көзделіп отыр. Мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу регламенттелмек. Пара беру туралы уәде немесе ұсыныс үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершіліктің құқықтық тетіктерін жетілдіру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін ескіру мерзімін ұлғайту, ӘҚБтК-нің кейбір баптарын әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жатқызу, халықаралық коммерциялық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде шетелдік лауазымды тұлғаларды параға сатып алуға қарсы күрес жөніндегі конвенцияға қосылу мақсатында ӘҚБтК-ге түзетулер енгізу жоспарланған.
«Көрсетілген консультативтік құжаттар 13 мамырда жария талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталында, сондай-ақ Агенттіктің интернет-ресурсында орналастырылады. Консультативтік құжаттарды талқылау мерзімі он бес жұмыс күнін құрайды және ағымдағы жылдың 2 маусымына дейін жалғасады», - деп жазады Антикор.
Агенттік консультативтік құжаттарды көпшілік алдында талқылауға белсенді қатысуды сұрайды.
Айта кетсек, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандар 12 млн теңгеге дейін сыйақы алады.