Құтқарушылар балық аулап жүріп жоғалып кеткен ауыл тұрғынының денесін үшінші күні тапты, деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
11 мамырда сағат 11.00-де Ақсу қаласына жақын маңдағы Алғабас ауылында Ертіс өзенінің сағасынан сүңгуірлер 8 мамырда балық аулап жүріп із-түзсіз жоғалып кеткен 1959 жылы туған ер адамның денесін тауып, судан шығарды. 5 құтқарушы, бір техника және бір жүзу құралы жұмылдырылды.
Бұған дейін хабарлағандай, 8 мамыр күні кешкі сағат 22.00 шамасында Алғабас ауылының тұрғыны Сағидолла Қиясов балық аулауға шығып, жоғалып кеткен.
Балық аулайтын жерге келген туыстары оның қолдан жасаған қайығын, күртешесін ғана тапқан.
Павлодардағы VITA жасағының іздеушілері мен құтқарушылар осы күнге дейін жоғалған адамды іздестірді.
1 мамыр күні "Еуразиялық энергетикалық корпорация" АҚ қызметкерлері Ақсу шағын ауданында Ертіс өзенінің бұрма каналынан 12 сәуірде балық аулап жүріп жоғалып кеткен 60 жастағы ер адамның денесін тапқан болатын.
Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.