Петропавлдың маңында кезекті рет қамыс жанып, 300 метр жерде тұрған мұнай қоймаларына қауіп төнді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың сыртындағы өнеркәсіптік аймақта, Әуезов көшесі, 266 мекенжайында өрт шыққандығы туралы хабарлама «101» қызметіне сағат 9.12 минут кеткенде түскен.
Оқиға орнына Петропавлдың өрт сөндіру қызметтері жұмылдырылды. Өрттің батпақты аумақта шығуы, жел және жақын маңда өндірістік нысандардың, соның ішінде 300 метр жерде мұнай қоймаларының болуы мамандардың жұмысын қиындата түсті. Қызыл жалынмен күресте өрт сөндірушілермен бірге Оңтүстік-Орал теміржолының Петропавл бөлімшесінің әскерилендірілген өрт сөндіру командасы, жергілікті атқарушы органдардың, «Қызылжар Су» ЖШС күш-құрылымдары, мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметінің мамандары – барлығы 73 адам және 21 техника жұмыс істеді.
Жалын шамамен 10 га аумақты шарпыды. Өрт сағат 11.19-да толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің неден шыққаны және келген шығын мөлшері есептеліп жатыр. Петропавлда биыл қамыстың өртену жағдайлары жиілеп кетті. Соңғы ірі өрт Петропавлдағы Копай ықшам ауданында болды, қамыстан тараған жалыннан екі жеке тұрғын үй жанып кетті. Ал өткен демалыс күндері СҚО-да 20 шақты өрт тіркелді.