14.05.2022, 09:16

Қазақстанда коронавирустың «стелс-омикрон» штаммы анықталды

Фото: ашық дереккөз
Барлық облыстарда омикрондық штамм – 98,6 пайыз, оның ішінде 12 облыста «стелс-омикрон» анықталды.

Қазақстанда коронавирустың «стелс-омикрон» штаммы анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.

"Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларындағы ПТР скринингінің қорытындысы бойынша коронавирустық инфекцияның әртүрлі штаммдарының айналымы белгіленді. Барлық облыстарда омикрондық штамм – 98,6 пайыз, оның ішінде 12 облыста "стелс-омикрон" анықталды. 36,7 Дельта штаммының айналымы да жалғасуда және зерттелген үлгілер санының 1,4 пайызын құрайды", - делінген хабарламада.

ПТР скринингінің нәтижелерін растау үшін бүкіл геномды секвенирлеу жүргізілуде, ол мамыр айының соңына дейін аяқталады, деп қосты Денсаулық сақтау министрлігі.

"Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына қарамастан, министрлік коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алып, ревакцинация жасауды ұсынады. Алты ай және одан да көп уақыт бұрын екпе курсын алған адамдар қайта вакцинациялануы қажет екенін еске саламыз. Қазіргі уақытта Қазақстандықтар вакцинаның үш түрімен (Pfizer, Sinopharm және QazVac) вакцинациялана алады, оның екеуін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған", - деп хабарлады министрлік.

"Стелс” штаммын жұқтырған кезде қызудың көтерілуі, үздіксіз жөтел, иіс пен дәмнің жоғалуы немесе өзгеруі сияқты белгілер байқалады. Ұлыбританияның денсаулық сақтау қауіпсіздігі агенттігі бастапқы "омикрондағы" ауырсыну көріністерімен "стелс омикрон" белгілерінің ұқсастығын атап көрсетеді.