Жаңаөзенде 19 сәуірде басталған «КЕЗБИ» мекемесі жұмысшыларының ереуілі әлі жалғасып жатыр. Жүздеген жұмысшының мүддесін қорғау үшін олардың 20-дан астам өкілі 2 мамырдан бері Астанада жүр. Ulysmedia.kz порталы бұған дейін мұнайшылармен кездесіп, мәселесін біліп қайтқан. Ал бүгін «КЕЗБИ» мекемесінің басшылары елордаға келді. ҚазМұнайГаз ғимаратына жиналған жұмысшылардың бастықтарымен келіссөзі бір жарым сағатқа созылды. Жаңаөзендегі еңбек дауы осылайша, Нұр-Сұлтан төрінде жалғасты.
Жұмысшылардың 4 талабы
Маңғыстау облысындағы мұнай-газ өндіруші «Өзенмұнайгаз» компаниясының ұңғымаларын жөндеумен айналысатын «КЕЗБИ» мекемесінің жұмысшылары бұған дейін 4 талабын Энергетика министрлігіне, Бас прокуратура, Еңбек министрлігі мен «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына тапсырған. «400 адамның аманатын арқалап келдік» дейді олар. Жұмысшылар атап айтқанда айлықтарының 12 сағат кесте бойынша төленуін, ұжымдық шарттың орындалуын, айлық мөлшерін көтеріп, «Өзенмұнайгаз» компаниясының балансына басқа да мекемелер секілді «КЕЗБИДІ» де кіргізуді, одан бөлек белсенділік танытқан жұмысшыларды қудаламауды талап етеді.
«Бірнеше министрлікке, Бас прокуратураға талап-арызды тапсырдық. Нақты еш органнан жауап келген жоқ. «Арызды қарастырамыз, сөйлесеміз» деп шектеліп отыр. 2019 жылы «Өзенмұнайгаз» компаниясына ауысу аустсорсингінің схемасы құрылады. Сол схемаға «Өзенмұнайгаз» мен екі қапталынан жекеменшік екі компания кірген. Біздің талабымыз – сол схемаға Кезбиді де кіргізу. «Өзенмұнайгаз» компаниясы мен оның еншілес компанияларына қарағанда біздің айлық ең төмен. Тіпті 50% жетпейді. Қазмұнайгаздың берген ақпараты бойынша, біздің айлық олардыкінен 70% кем болмауы керек! Ал біздің айлығымыз ол компаниялардың 33% тең. Мұнай компаниясындағы мұнай мен май, радиация бәрі де біздің денсаулығымызға зиян», - деген еді мұнайшылардың бірі Нұрсұлтан Нұрымұлы Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында.
«Кезби» мекемесінде 16 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Жолмұрат Ұлықпанның айтуынша, «Кезби» мекемесінде жұмысшылардың қауіпсіздігі мәселесінен бөлек, әлеуметтік жағдайы мәз емес. Еңбек жағдайы ережелерге сай болмағандықтан, олар бірігіп кәсіподақ ашқан. Бәрі еңбек дауларының шешілу мәселесіне атсалысқан. Ал мұнайшы Есенжан Әбдірахимов наразылық жұмыс берушінің кінәсінен болып отырғанын айтады.
«Айлықты енді көтере алмаймыз...»
Арада бір апта өткеннен кейін, яғни бүгін «КЕЗБИ» мекемесінің өкілдері Астанада журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Компаниясының бас директоры міндетін атқарушы Ержан Кезбаевтың айтуынша, былтыр жұмысшылардың айлығы 50% көтерілген. Әлеуметтік пакеті де бекітілген.
«Қазір тағы туындап жатқан наразылық – жұмысшылар айлықты 20% көтеріп, 12 сағаттық жұмысқа ауысу. Талабы осы. Бірақ арбитраж шешімі бойынша 12 сағат белгіленді. Айлыққа қосымша 12% тек «КРС», «ПРС» бригадаларға бекітілді. Бірақ біздің жұмысшылар 19 сәуірде жұмысты тоқтатып тастады. Жұмысшылардың бәрі тоқтаған жоқ. 70-80% жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда компания 700 млн минуста отыр. Себебі табыстың 97% айлыққа шығындаймыз», - дейді ол.
Компания өкілі «айлықты енді көтере алмаймыз» дейді. «Тағы да сұрай береді, сұрай береді. Жарты жылдан кейін кім біледі, басқасы шығып, менің де айлығымды көтер дейтін шығар» дейді ол.
«Мен қайдан табам? Өзімнің тарифтік ставкам бар. Олар айлықпен келістім деп қол қояды да, 2-3 айдан кейін келіспеймін дейді. Дұрыстап жұмыс істесе, мастерлер миллиондап ақша алады. Жұмысшылар кемінде 450-500 мың теңге табады. Сондықтан осындай жұмысты біз заң бойынша жасаймыз ендігәрі. Бірінші ереуілде ешқандай шара қолданып, ешкімді жұмыстан шығарған жоқпыз», - дейді Ержан Кезбаев.
Баспасөз мәслихатында «КЕЗБИ» компаниясының атқарушы директоры Айгүл Өтешова да сөз сөйледі. Ол мекеме өз тарапынан барлық мүмкіндікті пайдаланып, дауды шешуге мүдделі екенін, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
«Өткенде жұмысшыларды Келісім комиссиясына да шақырдық. Оған да келген жоқ. Көнбейді. «Біз не болса да Өзенмұнайгаздың» штатына кіруіміз керек дейді. Өзенмұнайгаз бізге тапсырыс беруші. Біз мердігер компаниямыз. Оларға «сіздер біздің жұмысшыларымызды алыңыз» деп айта алмаймыз. Ол заңсыз. Компанияда орташа айлық 672 мың теңге. КРС шеберінің 2021 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы айлығы 461 мың теңге. 2021 жылы ол көтеріліп, қаңтар-наурыз айларында 769 мың теңгеге көтерілді. Яғни былтырға қарағанда 65% көтерілген. Ал қазір еңбек арбитражының шешімімен 11 сағаттан 12 сағат деп белгілеп, 15% үстемақы берілген жағдайда оның айлығы 110% дейін көтеріледі. Яғни 978 мың теңгеге (ауыр жұмысты атқарған) дейін. 15 күннің ішіндегі айлық осындай. Осы айлық сағатын атқарған жұмысшыларға беріледі», - дейді ол.
Компания өкілдері «бәрін заң аясында шешеміз» деп отыр.
«Тоқаевқа барамыз»
Бүгін түскі 12.00-де болған баспасөз мәслихатынан кейін кешкі 16.00 шамасында «КЕЗБИ» жұмысшылары мен басшылары дәл сол баспасөз мәслихаты өткен ҚМГ залында кездесті. Алайда ол жерге журналистер шақырылмаған. Десе де белсенді мұнайшылардың бірі оны фейсбуктегі парақшасында тікелей эфирден көрсетті. Екі жақ өз аргументтерін айтқанымен, бір жарым сағатқа созылған кездесудің нәтижесі болмады. Мұнайшылардың бірі Ержан Кезбаевтан «Жұмысшылардың айлығын 20% көтересіздер ме, әлде жоқ па?» деп сұрады. Ол жоқ деді. Осыдан кейін мұнайшылар келіссөзге қатысқан ҚазМұнайГаз компаниясының өкіліне «КЕЗБИ» мекемесін Өзенмұнайгазға қарату мәселесін қарастыруды өтінді.
«Егер сіздер шеше алмасаңыздар, біз президент Тоқаевқа жүгінеміз» - деп тарқасты мұнайшылар.
Осылайша, Жаңаөзендегі еңбек дауы Астанада да шешімін таппады. Мекеме басшылары өз позициясында қалды. Ал мұнайшылар әлі де «мәселеміз шешілмей қайтпаймыз» деп отыр.