Бүгінде климаттың өзгеруіне, энергетикалық, су және азық-түлік қауіпсіздігі проблемаларына байланысты өсіп келе жатқан жаһандық қатерлер, сондай-ақ, өңірлік қақтығыстар жаңа шешімдерді және бүкіләлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруді талап етіп отыр. Қазіргі уақытта жаһандық әлем ұзақ мерзімді перспективада қоршаған ортамен өзара іс-қимылда қоғамның дамуын сақтауды және теріс ішкі және сыртқы әсерлер жағдайындағы дағдарыстардан қорғауды қамтамасыз ететін дамудың тұрақты инновациялық жолына көшу қажеттілігіне тап болды. Оның салдары білім мен ғылым сапасының төмендеуі, дамуды басқарудың тиімсіздігі болып саналады, деп жазады Skifnews.kz.
Мұны еңсеру жолдары елдердің «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына негізделген RIO+20 «Біз қалайтын болашақ» тұрақты даму жөніндегі БҰҰ Конференциясының жаһандық идеясында көрініс тапты. Қазақстан жаһандық энергия-экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «жасыл экономикаға» көшудің стратегиялық тетіктерін әзірлеу мәселелерінде белсенді позицияны ұстаны келеді.
Жасыл көпір тек мемлекеттер, ғылым, бизнес, қоғамдық институттар арасында ғана емес, ұрпақтар арасында да болуы керек. Озық жастар қойылған міндеттерді табысты шешу үшін ғылыми білім беру тұғырнамасына бірігуге, ал университеттер ғылыми ақпараттық және білім беру орталықтарына, студенттік бастамалар мен «жасыл экономика» саласындағы жастар қозғалысының «өсу нүктелеріне» айналуға тиіс.
Қазіргі заманғы университеттер орнықты даму жөніндегі идеяларды ілгерілетуде өздеріне жауапкершілік алуы керек. Бұл жұмыс бір университет емес, достастық пен күш-жігерді үйлестірудегі университеттердің жұмысы. Университеттерде оқу бағдарламалары, ғылыми жобалар, энергия және ресурс үнемдеу негізінде жоғары оқу орындары қызметін басқару, қалдықтарды жинау мен трансформациялау, экопарктер мен экотуризмді дамыту, экоағарту мен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу арқылы «жасыл дамуды» туындататын «жасыл кеңселердің» мүлдем жаңа құрылымдарын құруға алып келетін институционалдық және қоғамдық өзгерістер жүргізу қажет.
Әлемдік тәжірибеде дәл осы «жасыл кеңселер» арқылы экологиялық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осындай «жасыл кеңселердің» негізгі жобасын қалыптастыратын және белсенді әрекет ететін тұлғалар студенттер, магистранттар, жас ғалымдар болуы өте маңызды. Себебі, олардың шығармашылық әлеуеті осындай жұмыстарды орындау кезінде толық ашылуы мүмкін.
Жасыл кеңсе (немесе экологиялық, эко-кеңсе) – компанияларға ішкі экологиялық саясатты әзірлеуге және университет ресурстарына ұқыпты қарауды үйренуге көмектесетін техникалық және мотивациялық білім беру шараларынан тұратын кешенді бағдарлама. Қарапайым әрекеттердің көмегімен табиғи ресурстарды пайдалануды азайтуға және қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосуға болады. «Жасыл кеңсені» пайдалану оқу орнында энергия мен өзге де ресурстарды тұтыну мөлшерін азайтуға көмектеседі. Бұл дегеніміз, климаттың жаһандық өзгеруінің өзекті проблемасының басты себебі саналатын атмосфераға зиянды заттардың, ең алдымен парниктік газдардың шығарылуын азайту.
Бүгінде Қазақстанның көптеген компаниялары «жасыл кеңсе» экологиялық тұжырымдамасына қосылуда. «Жасыл» стандарттарға көшу жолына түскен Kagazy Recycling, Carlsberg Қазақстан(сыра қайнату компаниясы), Tetra Pak Қазақстан, «САФ» шыны компаниясы, «Plast Technologie» ЖШС, «West dala» ЖШС және басқа да компаниялар клиенттер мен серіктестердің алдында компанияның имиджін жақсартатын жақсы реңк қалыптастыруда. «Жасыл кеңсенің» экономикалық және экологиялық пайдасы артық шығындарды азайту және ресурстарға ұқыпты қарау болып саналады. Бұл бағыттағы ең танымал компонент-қағаз пайдалануды мейлінше азайту. Мысалы, бір тонна макулатура 17 ағашты құтқарады. Сонымен қатар, қайта өңделген қағаз жаңа ағаш парақтарына қарағанда арзан.
Бір ғана энергия үнемдеуші шам жыл сайын шамамен 100 кг көмірді және шамамен электр энергиясына төленетін 1000 теңгені үнемдеуге, сондай-ақ көмірқышқыл газының шығарындыларын 270 кг азайтуға мүмкіндік береді. Әрбір толтырылған картридж бұзылмайтын қалдықтардың мөлшерін 0,5-2 кг-ға азайтады және жер қойнауындағы 2-3 литр мұнайды сақтайды. Сонда бір кеңсе 30 қызметкерге айына 80 000 теңгеден үнемдей алады. Бір рет қолданылатын ыдысты көп реттікке ауыстыру, қағазды, су, электр қуатын үнемдеу арқылы жылдық есеп бойынша елеулі көрсеткішке жетуге болады. Осыған байланысты университеттерге «Жасыл кеңсе» бастамасын тарату қажеттілігі туындады, өйткені, оның қабырғасында өнеркәсіптік және басқа компаниялардың болашақ мамандарының экологиялық санасы мен өмір салты қалыптасады.
Осы ретте екі жылдан бері Қазақстанда компанияның экологиялық саясатын қалыптастыру мен кеңсе ресурстарын сақтауға арналған «Жасыл кеңсе» республикалық конкурсы өтіп келеді. Конкурс 2019 жылдан бастап Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен он номинация бойынша өтуде. Оған мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің, коммерциялық және сауда құрылымдарының, индустрияның, халықаралық ұйымдардың, ҮЕҰ және т.б. өкілдері қатысады.
Конкурстың мақсаты – экологиялық өмір салтын, экологиялылықты арттыруға арналған «жасыл» және төмен көміртекті технологиялаларды, қоғамдық қолданыстағы ғимараттардың жайлылығы мен энергоөнімділікті насихаттау, үздік практика мен озық үлгідегі технологиялық шешімдерді тарату.
Жоба іске асырылып келе жатқан 2 жыл ішінде конкурсқа 120-дай ұйым қатысқан, олардың ішінде 40 ұйым ең «жасыл» ұйымға айналып үлгерді.
120 ұйымның ішінде екі жылда конкурстарға 10-нан астам ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар қатысқан. Ұйымдастырушылар конкурста ірі ластаушы компаниялар көптеп қатысса деп үміттенеді.