18.05.2022, 14:40

Шымкентте жантүршігерлік жол апаты болды

Жол апаты перзентханадан қайтар жолда болған.

Шымкентте екі автокөлік соқтығысып, салдарынан бір әйел адам көз жұмды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Отырар телеарнасына сілтеме жасап.

Тағы бес адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Зардап шеккендердің арасында жаңа туған сәби де бар. Жол апаты перзентханадан қайтар жолда болған.

Жол апаты Республика және Қалдаяқов көшелерінің қиылысында 17 мамыр күні кешкі сағат 9 шамасында болған. Қиылыста Toyota Land Cruiser және Mercedes автокөліктері соқтығысқан.

Көліктердің бірінде жаңа туған сәбидің болғаны анықталды. Отбасы перзентханадан үйге қайтып бара жатқан. Бес адам №1 қалалық емханаға жатқызылды. 

Медициналық мекеменің хабарлауынша, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды. 

"Кеше жол апатынан зардап шеккен 6 адам келіп түсті. 1 адам көз жұмды, қалғандары жеңіл жарақат алған. Оларға көмек көрсетіп, үйлеріне қайтардық. Бағымызға орай, сәбидің жағдайы жақсы", – деді травматолог-ортопед Асхат Абдумауленов. 

Жол апаты фактісі бойынша тексеріс жүргізілуде. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.