Адам қолынан мерт болған алматылық дәрігер Юрий Шумков пен пациент арасында қандай да бір жанжал болмаған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Пациент ішек-қарын жолы зерттеуге қатысты аталған процедураны жасатқысы келген. Ішектің тарылуы салдарынан бірінші процедура сәтсіз шығып, дәрігер оны қайтадан өтуге кеңес берген. Дәрігер Юрий Шумковтың әріптестері пациентпен қандай да бір жанжалдың болмағанын айтады. Сондықтан да тергеу нәтижесін күтейік. Меніңше, осынау жантүршігерлік кісі өлтірудің себептерін білетін боламыз», - деді Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатқанына байланысты оқиғаның мән-жайын толық айта алмайтынын айтты.
«Тергеу жүріп жатыр. Тергеу барысына қатысты ақпаратым жоқ. Оны құқық қорғау органдары жүргізуде», - деді министр.