Павлодарда бірнеше мектептің электрондық мекенжайына жарылғыш зат қойылды деген хабарлама түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазіргі таңда аталған ақпарат бойынша жедел тергеу жұмысы басталған.
Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
– 18 мамыр күні сағат 19:10-да Павлодар өңірінің бірнеше жалпы орта білім беретін мектептерінің электрондық мекенжайына жарылғыш құрылғылар қойылғаны туралы жасырын хабарламалар келіп түсті. Оқу орындарының ғимараттарынан адамдарды эвакуациялау қажет етілмеді. Себебі мектептерде оқу уақыты аяқталған. Мектептердің іргелес аймағы қоршалды. Оқиға орындарында жедел-тергеу топтары жұмыс істеуде, – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сонымен қатар, департамент жалған ақпарат бергені үшін Қазақстан Республикасы ҚК-нің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салады.