Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚТЖ ұлттық компаниясының ғимаратынан жарылғыш зат табылған жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгін полицияның «102» арнасына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясынан шұғыл хабар түсті. Оған сенсек, акционерлік қоғамның электронды поштасына белгісіз біреуден ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хат келген. Арнайы қызметтің көмегімен ғимараттағы адамдар эвакуацияланды. Тексеру барысында ақпарат расталмады. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ», - делінген хабарламада.
Департамент берген ақпаратқа сәйкес, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Жедел-іздестіру шарасы жүріп жатыр. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті жарылғыш зат туралы көрінеу жалған хабарлау қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Азаматтардан үрей туғызбауды және мессенджерге жалған хабарлама жібермеуін сұраймыз», - дейді аталған ведомстводан.