$ 449.58  486.94  4.86

Петропавлда 16 жастағы жүргізуші зейнеткерді қағып кетті

Рульде 16 жастағы студент болған.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Петропавлда скутер жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған 75 жастағы әйелді қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 мамыр күні Петропавлдағы Егемен Қазақстан және Қазақстан Конституциясы көшелерінің қиылысында жолды белгіленбеген жерден өтпек болған 75 жастағы қала тұрғынын WorteX скутері соғып кетті.

Рульде 16 жастағы студент болған. Зейнеткер әйел медициналық мекемеге жеткізіліп, көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. «Қала тұрғынына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабы «Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы» бойынша хаттама толтырылды. Барлық жол қозғалысы қатысушыларын жолда жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Мәселен, жыл басынан облыс орталығында жаяу жүргіншілер мен жол жүрісіне өзге де қатысушылардың, оның ішінде велосипедшілердің, гироскутер, электр самокаттардың иелерін қоса алғанда 2 мыңға жуық жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.

Полицейлердің айтуынша, күн жылынғалы жолда мопедтер мен скутерлер көбейген. Осыған орай тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді нығайту бойынша профилактикалық жұмысты жүргізеді.

«Тәжірибе көрсеткендей, екі дөңгелекті көліктің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін толық білмейді. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер де оларды жол қозғалысының толыққанды қатысушылары ретінде қабылдамайды. Бұл апатты жағдайға алып келуі мүмкін», - дейді Әлібек Ғабдуллин.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары