Ақтөбе-Астрахань тасжолында жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан әйел адам мен үш жасар баласы қаза болды, - деп хабарлайды "Мой ГОРОД".
Басылым мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Ақтөбе-Астрахань тасжолының 248-шақырымында болған. 20 мамырға қараған түні Байғанин ауданының 40 жастағы тұрғыны отбасымен Renault Duster маркалы көлігімен келе жатып жол шетінде тұрған IVEKO жүк көлігіне соқтығысқан. Салдарынан 41 жастағы әйел мен үш жасар қыз оқиға орнында қаза тапты.
"Ер адам мен 2005 жылы туған ұлы Байғанин ауданындағы орталық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді", - деді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Полиция мәліметінше, соталды тергеу "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу" бабы бойынша жүргізіліп жатыр.