$ 446.49  475.38  4.79

«Бірдеңе айтсаң «түрмеге отырғызам» деп қорқытады»: Алматыда кооператив қожайыны бүтіндей бір ауылды иемденіп алған

Шаруалардың жақсы жерлерін жоққа шығарып, болмаған жағдайда  тақырдан орын беріп, ауылдастарын уысында ұстауға барын салған. Өйткені, қолы ұзын, кезінде депутат болғаны белгілі.
Фото: malim.kz
Фото: malim.kz

Алматы облысы Алакөл ауданы Тоқжайлау ауылының тұрғындары өз жерінде өгей баланың күйін кешіп отыр. Кезінде шаруашылығы шалқып, даңқы аспандаған ауылдың бүгінгі кейпі адам шошырлықтай. «Тоқжайлау» кооперативінің қожайыны Алексей Бабичев ауылдың тоз-тозын шығарып, тұрғындарға тиесілі жерді иеленіп алған. Кооперативте жұмыс істейтін тоқжайлаулықтардың жалақысын да жөнді төлемейтін Бабичев пен тұрғындар арасындағы текетірес 12 жылдан бері жалғасып келеді.

Елді мекеннің байырғы  тұрғыны Фархат Ысқақов Malim редакциясына хабарласып, ауылдағы Бабичевке байланысты біраз мәселені айтты. 1996-97 жылдары колхоз-совхоз тараған кезде жаппай ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылғаны мәлім. «Тоқжайлау» өндірістік кооперативі 2010 жылдары бой көтеріп, жұмыс істей бастады. Аймақ шаруалары өздеріне тиесілі жерлерін кооперативке сеніп тапсырған. Дегенмен, сенген  Бабичевтері көп ұзамай өзінің өктемдігіне басыпты.

Шаруалардың жақсы жерлерін жоққа шығарып, болмаған жағдайда  тақырдан орын беріп, ауылдастарын уысында ұстауға барын салған. Өйткені, қолы ұзын, кезінде депутат болғаны белгілі. Кооператив ашылғанға дейін сақталған егістік, шабындық, жайылымдық жерлер Алексейдің басқаруына түскен соң  ту талақайы шығыпты. Фархат Ысқақовтың айтуынша, шаруашылық  тек қағаз жүзінде ғана «асыл тұқымды мал өсіреді» екен. Іс жүзінде қазір бұрынғыдай етті ірі қара жоқ, текті жылқылар, асыл тұқымды қойлар құрыған. Бұрын кооператив маңында мал ұстайтын №2,3 ферма, Қайыңдыбұлақ, 420 түтіні бар Изенді ауылы болыпты. 

Алайда шаруа Ысқақов Бабичев соның бәрін құлатып тындырды дейді. Ауыл көшелеріне  тұрақты су жүріп тұратын, кооператив бастығы оны да тоқтатыпты. Жер жыртатын техникалар да істен шыққан. Бұрын ауылда 4 бригада болса, қазір тек біреуі ғана қалған. Тұрғындар Изенді мен Қайыңдыбұлақ халықтың балансында бар ма, жоқ па, білмейді. Өткенде «Ақбұлақ» бағдарламасы туралы айтып, таза су тартуды талап еткен екен,  ондай бағдарлама жоқ депті.     

Кішкентай ауылдың мәселесі жыл сайын ұлғайып келеді. Жәбірленуші елді мекеннің аянышты халін айтып бас көтергендер көп еді дейді. Бірақ, көпшілігінің ақша беріп ауызын жауып қойған. Басшыларының бассыздығына налыған 8 адам ғана Александр Бабичевке ауылдың жағдайы құлдырап кеткенін жеткізіпті, алайда  нәтиже шамалы.  

«№2 ферманы алды да 3-ші фермаға ауыстырды. Қалғаны тек біреу. Малдың барлығы жекеменшікке өтіп кетті ме, біле алмаймыз. Әрқайсымызда 500 бастан 26 отар қой болушы еді. Жалпы саны 24 000 еді. Дәл қазір жеті мыңға азайып, 16 мың бас қана қалды. Әр малдың өнімі бар, одан кіріс түседі. Мемлекеттен субсидияға, дотацияға, ұрықтандыруға қыруар ақша бөлінеді. Үлесімізге соның бір тиыны да тимейді», - дейді ол.

Келеңсіздікке көндікпей, азаматтарды ұйымдастырып, мәселені шешуге шақырған Фархат Ысқақовтың соңына Бабичев шам алып түскен. Келісімге келейік, жабулы қазан жабулы күйінде қалсын деген қожайынына шаруа илікпей отыр. Себебі, мені басқа емес, дәл туған ауылымның тағдыры алаңдатады деп көнбеген шаруаны қысымға алған коопрератив басшысы тұрғындардың жайылымдық жерлерін  тарылтып тастаған. Ал Фархаттың өзін тықсырып, шабындықты көлік бара алмайтын, таудың үстінен берген. Қолындағы малына қорек ретінде жемнің орнына топырақ араласқан пішен  ұсыныпты.

«1 келі бидайды  10 теңгеден береді. Сонда 3 центнер аламыз, алмасақ 3000 теңгеңді қолға ұстатады. Ал өзі оны 100 теңгеден сатады», - дейді шағымданушы.   

Жалғанды жалпағынан басқан Бабичев ауылдың дәл шетіне егін егіп тастаған. Алқапты химикатпен улаған соң жеміс-жидек те дұрыс өспей жатқан көрінеді. Тоқжайлау тұрғындары гүлдер мен өсімдіктер солып, аралар мен көбелектер қырылып жатқанына қынжылады .

«Жақында екінші мәрте улау жұмысын жүргізбек. Заңды түрде оны ауылдан алыстау барып улауы керек. Бұл болса ешкімге қарамай, әдейілеп ауылдың ішін улап тастайды. Бірдеңе деп айтсаң «мен сені түрмеге отырғызам», деп қоқан-лоққы көрсетеді. Бізбен ақылдаспай 8 адамның үлесін басқарма талқысына салып, бөліп тастады. Шын мәнінде ондай басқарма да жоқ», - дейді Ысқақов.   

Бұл бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Ауыл үлкендері бұған дейін премьер-министрге арыз жолдаған. Олар халықтың жерін кооператив төрағасы өзінің ыңғайына пайдаланып отырғанын, әйелі Галина Бабичеваның атынан  шаруа қожалығын  ашқанын жазды. Арызданушылардың дерегінше, Бабичев елдің иелігі саналатын кооперативті жеке кәсіпкерлігіне өткізіп алған сияқты.

Тоқжайлау тұрғындарының жазбасында кооперативтің барлық техникасы мен мал-мүлкі Галинаның атына тіркелгені жазылған.

«Жұмысшыларға еңбекақыны кооператив арқылы төлейді екен. Соған қарамастан ауылдағы былыққа аудан әкімі де, ауыл әкімі де бірде бір рет тексеріс жүргізбеген. Сондай-ақ төрт түлік малдың дені бруцеллезбен ауырады. Тірлігі малмен тығыз байланысты адамдар да осы дертке шалдыққан. Ауыл азаматтары арызында Тоқжайлаудағы кооператив төрағасы Бабичев қазақтарға битін бір-біріне жегіземін деп басыныпты».                

Ф.Ысқақов жақында «сендердің жерлеріңді бөлек шығарып тастадық, өздерің реттеп алыңдар», деген қағаз алыпты.

«Маусым айында егін салу ісі бітеді. Анығында мұндай әрекетке егін басталмай жатып шақырмайды. Өзіме тиесілі егін себетін 8 гектар жерім бар. Бөлінбеймін деп қасарыссам да, болмай сыртқа теуіп тастады. Ауыл менікі, әзірше жеке шықпаймын деп айтқанмын. Заң бойынша жер үшін  және мүліктік үлесім – пай бар. Мүліктік үлесіме мал бөлінуі керек. Жерімнің құжаты әкемнің атында. Басқармасында 12 адам бар, кілең өзінің адамдары, оларды ақшамен тырп еткізбейді, бізді қудалайды. Ауыл әкімін де сатып алған. Субсидия, дотация, ұрықтандыру жұмыстарына қаржыны әкімдік арқылы алып отыр. Шарасыздықтан шақша басымыз шарадай болды», - дейді шағымданушы.    

Елді аяусыз қанап, ақшаларын бермеген соң жастар қалаға бас сауғалап кетіпті. Бұрын мектепте 1500 бала оқыса, қазір олардың саны 300-дің маңайында. Кезінде 5000 түтіні бар керемет ауылдың тұрғындар саны қазір 2000-ға жетпейді. Себеп – тұралаған ауыл, әділетсіздік, ауыл тұрғындарының өмірі  бір адамның қолына шоғырлануы. Ауылдықтар мектепте, амбулаторияда жұмыс істейтін мамандар үйсіз-күйсіз жүр.

Жақында Бабичев пен арызданушы сегіз азамат тағы да текетіреске барған. Бабичев егер осы жерден кететін болсам, сендерде ауыл болмайды деп доқ көрсетіпті. Іс қозғасаңдар жауып тастаймын депті.

«Бұлардың тағдырын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы шешеді. Бірақ олармен де ауыз жаласып алған. Ауданның әкімі де оған кіре алмайтынын айтады. Жан жаққа шығып, әділдік сұрайық десек қаражат та, тірек те жоқ. «Қуыршақ» басқарманың 12  мүшесіне 50 млн-нан беремін де ауылды тарата салам дейді. Солардың ғана пайын таратып беретінін айтты. Ауылымыз үшін  жанымыз ауырады. Басқа ештеңе сұрамаймыз, ауылдың жерін елге қайтарсын», - дейді тұрғындар.     

Бабичев тіпті «жерлеріңді Үкіметке өткізіп жібереміз», деп те қорқытыпты.

Бабичевке есесі кеткендер бұрынғы Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаевтың алдына талай мәрте барыпты. Дегенмен, қазір облыс әкімінің орынбасары болып отырған Жақанбаев қозғала қоймапты. Қазіргі әкім Алмас Әбдинов те Тоқжайлаудың мәселесін естімеді емес, естіген. Бірақ, оның да кооператив бастығына тісі батпайды.

Ара-тұра ел аралауға шығып, жұрттың мұң-зарын тыңдап қайтқыш депутаттар биыл наурыз айында Тоқжайлауға барыпты. «Қатырамыз, жеткіземіз» деп кеткен депутаттардан үш айдан бері хат та, хабар да жоқ.

Тұрғындардың шақыруымен өңірге «Заң» газетінен, «31» арнадан  журналистер барып, мәселені көзімен көріп қайтқан. Десе де, мұң-зарларыңды жеткіземіз деген олардың «шәй-пәйін» беріп, ауызын жауып қойыпты.   Бабичевтің жұмысын «Время» газеті дүркін-дүркін мақтап жазады екен. Ал шын мәнінде оның бәрі шылғи өтірік дейді Ысқақов.     

Амалы әбден таусылып, өз жерін өзімдікі дей алмай жүрген тұрғындар енді Бабичевті сотқа бермек. Алайда, Тоқжайлаудың «жарты құдайын» сотта жеңіп шығарына тағы күмәнданады. Бәлкім, Алматы облысын бұған дейін басқарған Серік Үмбетов, Аңсар Мұсаханов, Амандық Баталовтардың тісі батпаған Бабичевке тәйт дейтін сот  қана сияқты. Өйткені, өзі де әне-міне екіге бөлінгелі жатқан Алматы облысы бұл «эстафетаны» Жетісу облысының өзіне қалдырып кететін сияқты.

Дереккөз: malim.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары