23.05.2022, 10:40

Лисаков полицейлері 9-қабаттан секірмек болған азаматты құтқарды

Бұл жағдай кеше кешке болған.

Қостанай облысы, Лисаков тұрғыны әйелімен жанжалдасқаннан кейін тоғыз қабатты үйдің төбесіне көтеріліп, секірмек болды, деп хабарлайды Kstnews.kz. Бұл жағдай кеше кешке болған.

Оқиға орнына келген полицейлер шатырға көтеріліп, 30 жастағы қала тұрғынын оқыс қадам жасамауға шақырған, азамат бұл әрекетінің себебі әйелімен жанжал болғанын жеткізген.

«Мұндай жағдайда салы суға кеткен адамдармен келіссөз жүргізе білу керек. Біріншіден, мотивация қажет. Көбіне адамдар жақын адамдарымен сөйлескісі келеді. Біз де солай жасадық. Жәбірленушіден бізге ата-анасының нөмірін беруді сұрадық», - деді полиция қызметкерлерінің бірі.

Полиция  ер адамның ата-анасына хабарласып, сәл қулыққа басқан. Олар телефонды азаматқа бергісі келетіндерін айтып, қолын соза бергенде тәртіп сақшыларының бірі жас жігітті қолынан тартып қалып, шатырдың шетінен сүйреп әкеткен. Осылайша, азамат аман қалды.

Қазір жәбірленушімен психологтар жұмыс істеп жатыр.